Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Мырзағали Айтжанов: «Мақсатымыз - Азия ойындарында жалпыкомандалық бірінші орын алу»

12 Қаңтар, 2018

Мырзағали Айтжанов Prosports.kz тілшісіне Жәнібек Әлімханұлының командадан не үшін кеткенін және биылғы маусымға жоспары туралы айтып берді.

- Әңгімемізді Әлімханұлыдан бастасақ, Жәнібек ұлттық құрамадан кетті деген ақпарат рас па? 

- Иә. Жәнібек Қазақстан чемпионатында ұтылып қалса да біз оны ұлттық құрамаға енгізгенбіз. Оның қаншалықты мықты боксшы екенін ескердік. Әлімханұлының елімізге берері көп, әлі соңғы сөзін айтпады деп құрамаға қостық. Бұл бапкерлік құрамның шешімі болды. Оқу-жаттығу жиыны қаңтардың бесінде басталып кетті. Алтысы күні Жәнібек хабарласып айтты: «Мен ұлттық құрамаға келмеген себебім - түбегейлі шешім қабылдадым. Сенім артқаныңызға рақмет, бірақ мен үлкен спортпен қош айтысам. Ренжімеңіздер», - деді. Кәсіпқой боксқа ауысасың ба? деген сұрағанымда нақты жауап бермеді. Денсаулығына байланысты осындай шешім қабылдаған көрінеді. 

- Жәнібектен басқа «кетеміз» деген боксшылар жоқ па?

- Жоқ, неге кетеді? Әрине, біз Жәнібектен көп үміт күттік. Олимпиада ойындарында топ жарса екен деген арман болды. Ұлттық құрамаға ілінбей тұрып оның екі шынтағы жарақаттанған болатын. Бірақ соған қарамастан, ол Әлем чемпионаты мен Азия ойындарын жеңген. Жәнібек Олимпиададан кейін ғана шынтағына ота жасатты. Сол себепті біраз жарыстарға қатыса алмады. Меніңше, сол ескі жарақаты боксты тоқтатуына себеп болды.

 

- Оқу жаттығу жиынын бастап кеттік дейсіз, жалпы дайындық қалай өтіп жатыр? Биылғы маусымға қандай мақсат қойылды?

- Жиын бесі күні басталды, 23-не дейін жалғасады. Бокс Академиясында барлық жағдай жасалған, боксшылардан өзге басқа спорт түрлерінің өкілдері де жаттығып жүр. Қазақстандағы ең мықты базада дайындалудамыз. Шет елде дамыған академиялардың ешқайсысынан кем емес. Ұлттық құраманың белді мүшелері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Кайрат Ералиев, Данияр Елеусінов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Ержан Жомарт сынды боксшыларымыз оқу жаттығу жиынында тер төгуде. Ақпан айынан бастап біріккен жиындар, халықаралық турнирлер басталады. Ал енді басты жарысымыз Азия ойындары болмақ, соған төрт құрамамызды пысықтап, халықаралық ірі жарыстарға апарып тексереміз. Қайсысы өзін мықты қырынан көрсетсе, Азия ойындарында жүлдеге тартыса алатын боксшыларды ғаны сонда апарамыз. Мақсатымыз - Азия ойындарының жалпыкомандалық есебінде бірінші орын алу. Азиядағы басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасы болмақ. Біз оларды 2010 және 2014 жылдары артта қалдырғанбыз.

- Былтырғы жылдың нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

- Әрине, қойған мақсаттарымыз бұдан да биік болған. Бірақ оғанда қанағат. Әлем чемпионатында кемінде екі алтын аламыз деп жоспарладық. Ташкентте өткен Азия чемпионатында да ойлаған мақсаттарымызға жете алмадық. Сол жарыстан кейін қателерімізді түзеп, әлем біріншілігінде тұңғыш рет Қазақстан тарихында алты медаль иелендік. Бұған дейінгі ең жоғары нәтиже 2005 жылы болған - 5 медаль (2 алтын, 3 қола). Кейбір чемпионаттарда ары кетсе 3-4 медаль алатынбыз. Мен Алматыда өткен әлем біріншілігін есепке алып жатқан жоқпын, ол жылы біз 8 медаль еншіледік. Мен шетелде өткен әлем чемпионаттарының нәтижесін айтудамын. Өкініштісі, сол Германияда екі алтын ала алмадық. Команданың жетпіс пайызға жаңарғанын, сегіз бірдей боксшымыздың әлем чемпионатында бірінші рет өнер көрсеткенін ескерсек, алты медаль деген жақсы көрсеткіш. Тек Левит (төрт рет) пен Ералиев (үш рет) бұған дейін әлем чемпионатына қатысқан еді. Бірақ бұл нәтижені жоғары көрсеткіш деп айта алмаймын, себебі екі алтын ала алмадық.

prosports.kz

Наверх