Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Астанада жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

16 Қараша, 2018

 Аргентинада өткен III Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету мақсатында салтанатты шара өтті. Естеріңізге сала кетейік, боксшыларымыз Айбек Оралбай (91 кг) алтын, Дамир Тойбай (91 жоғары) мен Талғат Шәйкен (64 кг) күміс, ал Надежда Рябец (75 кг) қола медаль иеленген болатын. Аталмыш шараға Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президенті Тимур Құлыбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, алтын алқа үшін 10 000 доллар, күміс жүлдегерге 5 000, қола медаль иеленген спортшыларға 3 000 доллардан табысталды. Сонымен қатар, бапкерлеріне де ақшалай сыйақы берілді.

"Елбасы өзінің соңғы жолдауында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлді. Спорт инфрақұрылымын жетілдіру, спорт университетін ашу жайында тапсырма бар. Сондықтан біз министрлікпен бірігіп спортшыларды даярлау жұмыстарын жүйелі жүргізуге күш саламыз. Бұл талантты жастарға өмірде өз жолын табуына, халықаралық деңгейде жоғары дәрежеде өнер көрсетуіне мүмкіндік береді", - деп атап өтті ҰОК Президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев.

Айта кетейік, еліміздің намысын қорғау үшін Аргентинада астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасына 23 спорт түрі бойынша 58 спортшымыз барған болатын.

Келесі Жасөспірімдер Олимпиадасы 2022 жылы Сенегал елінде жалауын көтереді.

Дереккөзі: ҚР ҰОҚ баспасөз қызметі

Наверх