Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Ғалымбек Кенжебаев: «Басты мақсат – Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету»

22 Қаңтар, 2019

 Алматыдағы АИБА бүкіләлемдік бокс академиясында ҚР ҰҚК жаңа бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың жетекшілігімен алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Тек орыс тілінде ақпарат тарататын Sports.kz интернет порталы тілшісінің жаңа бапкермен сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз

— Ғалымбек Қалиұлы, бас бапкер болып келуіңізді бір сөзбен қалай айтар едіңіз? Сіз үшін бұл сынақ деп айта аласыз ба?

— Сынақ дейсіз бе? Тым асырасілтеу сияқты. Тоқетерін айтсам, бұл менің бапкерлім еңбек өтілімдегі кезекті бір жауапты кезең.

— Ұлттық құрама сапында өзіңізбен бірге тағы кімдер жұмыс істейді?

— Бапкерлер кеңесінің құрамында анау айтқандай өзгеріс болған жоқ. Себебі, барлығы да білікті мамандар. Мысалы, Мырзағали Айтжановты білесіздер. Ол бас бапкерліктен кеткенімен, бапкерлер кеңесінің құрамында. Сондықтан, Мырзағали Құланұлының мол тәжірибесі біздің құрамаға ешқашан артық етпейді. Керісінше тек пайдасын берері сөзсіз. Оның үстіне құрамадағы бірнеше боксшының жеке бапкері. Сонымен бірге, Марат Жәкиев, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Манашев сынды мықты бапкерлер туралы айтып жатудың өзі артық. Олардың ізінен еріп келе жатқан жас буын өкілдері Андрей Спиридонов пен Шәміл Жүсіпов бар. Барлығымыз бұрыннан бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестерміз. Және сол қарқынды жалғастырамыз.

— Қазіргі құрама сапындағы көптеген боксшыларды жақсы білесіз. Жастар құрамасында бас бапкер болып жүргеніңізде жаттықтырдыңыз. Ұлттық құрамада қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе?

— Өзгеріс болуы екіталай. Неге десеңіз, бокстан ересектер арасындағы ҚР чемпионаты былтыр жыл соңында Ақтауда өтіп, кіл мықтылар сонда анықталды. Ел біріншілігінің қорытындысына сәйкес, ұлттық құрама жасақталды. Енді сол құраммен жұмыс жүргізіледі.

 — Мысалы, футбол, баскетбол сияқты командалық ойын түрлерінде бапкердің ауысуы әдетте команда көрсеткіштерінің жақсаруына алып келеді деген сенім бар. Дәл осы пікірді боксқа қатысты айта аламыз ба?

— Оны уақыт көрсетеді. Алдын ала тон пішкім келмейді. Біздің өзіміздің бүткіл әлем мойындаған бокс мектебіміз бар. Барлығымыз да сол мектептің өкіліміз. Әрине, уақыт өте келе бокс та өзгеріп жатыр. Біз соның барлығын сараптап өз жұмысымызда пайдаланамыз. Бұрын алдымызда қандай мақсаттар болса, қазіргі күні де сол. Яғни, ең басты міндет - Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету.

— Қазақстандық бокс федерациясы тарапынан отандық әуесқой боксты одан әрі дамыту үшін тың тәсілдер керек деген пікір айтылған болатын. Бұған қатысты ойыңыз қандай? 

— Жұмыс енді басталып жатыр. Алдымен оқу-жаттығу өткізіп алайық. Сосын жарыстар басталады. Оларға қатысу керек. Тереңірек түсіну үшін, нәтиже көрсету үшін уақыт қажет. Барлығы бір сәтте бола қалмайды.  

— Ересектер құрамасында боксшыларды дайындау методикасы өзгереді ме?

 — Әрине жастар құрамасымен салыстырғанда ересектерде бәрі анағұрлым қиындау. Сондықтан бапкерлер кеңесі деген арнайы құрылым бар. Қанша дегенмен ұлттық құрама сапындағы боксшылардың барлығы да қалыптасып үлгерген өз стилі бар спортшылар. Оларды жаттықтырудың өз методикалары бар. Тек бірінші нөмірлер ғана емес, екінші, үшінші орында жүрген боксшылар бар. Олар да жарыстарға қатысуы тиіс. Барлығын дұрыс жоспарлау керек. Бір сөзбен айтқанда мойын бұратын уақыт жоқ, себебі, жұмыс өте көп.

— Бокстан ҚР ҰҚК биылғы жоспары туралы айта отырсаңыз?

— Қазір өздеріңіз білетіндей оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Содан кейін Үндістан мен Мажарстан Республикаларында болатын халықаралық турнирлерге қатысамыз. Алдағы күндері биылғы Азия чемпионатының өту мерзімі белгілі болады. Ол жарыста Ресейде өтетін Әлем чемпионатына боксшылар іріктеледі. Ал Әлем біріншілігінде Олимпиада ойындарына лицензиялар үлестіріледі.

— Бүгінде әуесқой бокстың тағдыры қыл үстінде тұр. Токио Олимпиадасының бағдарламасынан алынып тасталуы ықтимал деген сыбыстар бар. Осыған қатысты Сіздің пікіріңізді білсек?

— Қазір кесіп айтудың өзі қиын. Бірақ біз қашан да жақсылыққа ұмтыламыз, үміттенеміз. Менің ойымша бокс үшін оңтайлы шешім қабылдануы тиіс.

www.sports.kz

Фото: Данияр Майлыбаев

Наверх