Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

15 Ақпан, 2019

 Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қазақстандық спортшыларды қабылдады. Басқосуға Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, фристайл-могулдан еңбегі сіңген спорт шебері Юлия Галышева, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева, шаңғымен трамплиннен секіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Ткаченко, кәсіби боксшы Садриддин Ахмедов  қатысты.

Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті.

– Мен сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Осы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Ал спорт, негізінен, – жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Сіздерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.

Жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнерін, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтты.

– Мен Қазақстан жастарын әрдайым спортпен шұғылдануға шақырамын. Барлық облыстарда заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Стадиондар салынып, жабық кешендер бой көтерді. Спорт – денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан одан әрі өсуінің перспективаларына назар аударды.

– Бағындыратын биіктеріңіз әлі алда екенін көріп отырмын. Әлемдік жарыстан медаль алу оңай емес. Жастардың сіздерге қарап бой түзеп, дендері сау, мықты болып өскенін қалаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа табыстарға жете беруге шақырды.

Кездесуде жас спортшыларға Қазақстан Президентінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Дереккөз: akorda.kz

Наверх