Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Ғалымбек КЕНЖЕБАЕВ: «Негізгі дайындық Азия чемпионаты, олимпиада ойындары үшін болып жатыр»

14 Мамыр, 2021

 

Бокстан Қазақстан ерлер құрама командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Дубайда (БАӘ) өтетін Азия чемпионатына қатысатын спортшыларды атады. Бұл туралы бас бапкер Ғалымбек Қалиұлы бізге берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
– Ғалымбек, Азия чемпионаты қашан қай елде өтеді. Оған елімізден неше боксшы және кімдер қатысады?
– Азия чемпионаты 21 маусымнан 1 шілдеге дейін өтеді. Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласына он боксшымымыз барып, ел намысын қорғайды. Оған Токио олимпиадасына жолдама алған боксшыларымыз қатысады. Атап айтқанда, Даниял Сәбит (49 кг), Сәкен Бибосынов (52 кг), Махмұд Сабырхан (56 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Закир Сафиуллин (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг).
Негізі Азия чемпионаты Үндістанның Дели қаласында өтуі керек еді. Бірақ ол жерде коронавирус індетімен көп адамдар ауырып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жаңалықтардан. Сол Дели қаласына өткізбей, Азия бокс федерациясы чемпионатты Дубайға ауыстырды.
– Біріккен Араб Әмірлігіне өзіңізден басқа неше жаттықтырушы барады?
– Дубайға баратын жаттықтырушылар мен және ұлттық құраманың жаттықтырушылары Марат Жакиев, Нұрлан Ақұрпеков, Мырзағали Айтжанов, Марат Манашов және Бауыржан Аманбаев, арнайы баратын осы алты бапкерміз.
– Азия чемпионатына неше мемлекет және неше спортшы қатысуы мүмкін?
– Азия біріншілігіне 40-тан астам мемлекет қатысуы мүмкін. Өйткені бокс барлық жерде бар. Әлемде қай мемлекетті алсаң да, ол жерде бокс деген спорт бәр жерде жақсы дамыған. Және олимпиада алдында көп уақыт чемпионаттар өтпеді. Азияда тіпті ешқандай жарыс өткен жоқ. Халықаралық турнирлер өтпеді, сондықтан осы жолы біраз командалар келуі мүмкін.
– Дубайдағы шаршы алаңда кімдерден жүлде күтесіз?
– Әрине, барлық боксшыдан жүлде күтеміз. Азия чемпионаты оңай болмайды. Қазір әлемдегі ең мықты боксшылар сол Азия елдерінде деп айтуға болады. Біздің қарсыластарымыз – Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Корея, Қырғызстан, Иордания боксшылары, Филиппины, Жапония, Қытай, Монғолия... барлық мемлекеттерде бокс жақсы дамып жатыр.
– Азия біріншілігінде неше алтын медаль алуды жоспарлап отырсыз?
– Әрине, біз барлық боксшыдан үміт күтеміз. Неше жүлде алатынымызды Алла біледі. Көбірек алуға тырысамыз. Өз болжамым... екі алтын... Екі алтынға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Одан да көбірек алуға болады. Жігіттеріміз барын салып дайындалуда. Негізгі дайындық осы Азия чемпионаты, олимпиада ойындары үшін болып жатыр. Азия біріншілігіне барған барлық боксшыларымыз алтын үшін күреседі, күш салады.
– Сұхбатыңызға рахмет! 
 
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.
Наверх