Даниал Сәбит: бокс секциясына 16 жасымда бардым

Көпшілік спортшылар бокспен бала кезден айналысады. Ал Даниал Сәбит бұл спортқа 16 жасында ғана келген. Соған қарамастан ол аз уақыт ішінде Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық турнирлерде топ жарып үлгерді. Осы орайда Софиядағы «Странджа» турнирінің жеңімпазы Даниал Сәбит өзінің спорттық мансабы туралы айтып берді.
Даниал, сізді бокс секциясына кеш келді деп естідім. Осы бойынша айтып бере аласыз ба?
Боксқа секциясына 16 жасымда бардым. Ол 2018 жылдың қыркүйегі еді. Бокс тілімен айтсақ, өте кеш. Бірақ бұл менің жетістіктеріме жетуге кедергісін тигізбеді. 2019 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы, 2020, 2024, 2025 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атандым. 2021 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесін еншіледім. Шынымды айтсам, боксқа арман қуып емес, жай ғана спортпен шұғылдану мақсатында қатыстым.
Неге дәл осы боксты таңдадыңыз? Оған дейін басқа спорттармен шұғылданып па едіңіз?
Оған дейін күреске барғанмын. Алайда құжат жинау керек болды. Оған уақыттың ыңғайы болмай, құжаттарды жинамадым. Содан күреске бармай қалдым. Ал боксқа қатысу үшін басында ешқандай құжат керек болмады және ең бастысы, тегін болды. Сол үшін боксты таңдадым.
Ең алғашқы қатысқан жарысыңызды еске түсіре аласыз ба?
Ең алғашқы жарысым бокстан жастар арасындағы Батыс Қазақстан облысының чемпионаты. Боксқа келгеннен кейін 3 айдан кейін болды. Сол жарыста 2 жекпе-жек өткізіп жеңімпаз атанып, ел чемпионатына жолдама алған едім. Одан кейін 2019 жылдың ақпан айында Шымкентте өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 46 келіде бақ сынап, топ жардым.
Сіз үшін Қазақстандағы ерекше сәт - алғаш рет ересектер арасында ел чемпионы болған сәтіңіз деп айтуға бола ма?
Иә, дәл солай. Себебі, 2020 жылы 23 қараша күні мен 18 жасқа толып, ресми түрде ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жұдырықтасуға мүмкіндік алдым. Оның үстіне туған күнім ел біріншілігінің басталуымен тұспа-тұс келді. Өзім сынға түскен 49 келіде басты фаворит сол сәтте 5 мәрте қатарынан Қазақстан чемпионатын жеңген Теміртас Жүсіпов саналды. Финалда ағамыз әрі бала кездегі кумирімнен басым түсіп кеттім.
World Boxing ұйымы жаңа салмақтарды енгізгелі Теміртас Жүсіповтың 50 келіде жұдырықтасуға қиналатындығы мен Сәкен Бибосыновтың 55 келіге көтерілгеніне куә болдық. Қазіргі сәтте өзіңізді бұл салмақта қалай сезінесіз? Салмақ қуу жағынан қиындық туындамай ма?
Салмақ қуу қиындау әрине. Алайда қууға болады, аса бір салмақ ауыстыратындай емес.
Сіз Қазақстан чемпионы атансаңыз да, 2021, 2023, 2025 жылғы әлем чемпионатында Санжар Тәшкенбай мен Теміртас Жүсіпов бақ сынап, 3 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Сол сәттерде сіздің бару мүмкіншілігіңіз қандай еді? Спаррингте жолдамаға таласып па едіңіз?
2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатының алдында бір рет Теміртас ағамызбен спарринг өткізген болатынбыз. Төрешілер шешімімен Теміртас ағаны жеңімпаз деп танып, сол кісі кетті. Артынша Белградта топ жарды.2022 жылы мен 51 келіге көтерілдім. Ол салмақта 2023 жылы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов барды. 2025 жылы Ливерпульде Санжар Тәшкенбай 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында Дубайдағы жаһандық додада жүлдеге бір қадам жетпей, ширек финалда сүріндім.
World Boxing ұйымы Лос-Анджелес Олимпиадасының салмақтар санатын өзгертіп жіберді. Кез келген спортшының арманы Олимпиада тұғырында тұру екендігін ескерсек, сізге бұл хабар қаншалықты әсер етті? Алдағы уақыттағы мақсатыңызды айта аласыз ба?
Алдағы жылдары көреміз.Дәл қәзір ештеңе белгісіз.
Сіз жақында ғана Болгариядағы «Странджа» турниріне бардыңыз. Осындай халықаралық жарыстар боксшыға қандай пайдасын береді деп ойлайсыз?
Өткізген оқу-жаттығу жиынын қорытындылау, шыңдау. Тәжірибе жинауға пайдасы көп. Ресми жарыста 2 ғана жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетсем де, күнделікті жаттығуда шетелдіктермен спаррингке шықтым.
Сіздің боксшы ретінде мықты қасиетіңіз қандай деп санайсыз?
Физикалық күш және мінез деп санаймын.
Бокста сіз үшін үлгі тұтатын спортшы бар ма?
Геннадий Головкин. Ол кісінің қандай қасиеттерін бағалаймын? Біріншіден, еңбекқорлық. Әуесқой бокста 2003 жылы әлем чемпионы және Афина Олимпиадасында күміс жүлдені еншілесе де тоқтамады. Өмірін кәсіпқой боксқа бұрып, ұзақ әрі қиын жол арқылы үлкен тұғырды бағындыра білді. Екіншіден, қарапайымдылық. Ағамыз әлемде ең танымал спортшының бірі болса да, адамгершілігін жоғалтпады. Үнемі ірі жарыстарда отандастарымызды жігерлендіріп, қолдап жүреді.
Париж Олимпиадасынан кейін бокстан ұлттық құрамамыз үлкен өзгеріске ұшырап, шетелдік мамандар шақыртылды. Сіздің ойыңызша, АҚШ-тан келген ағайынды Камачолардың жаттығуы қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр?
Физикалық тұрғыда жақсы көмектесіп жатыр. Ірі жарыстарда байқасаңыздар, боксшыларымыз шаршамайды. 3 раунд бойы жоғары қарқынмен айқасады. Соның арқасында 2025 жылы Ливерпульде ерлер құрамасы 4 бірдей алтын медальді жеңіп алды.
Бос уақытыңызда қалай өткізесіз?
Жақын адамдарыммен бірге уақыт өткізген ұнайды.
Ұлттық құрамада кімдермен жақсы араласасыз?
Жалпы көбімен араласамын. Олардың арасынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және Оразбек Асылқұловпен жақсы қарым-қатынастамын.
Сұхбатыңызға рақмет!













