WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Алғашқы финалист: Futures Cup халықаралық турнирінде 7 отандасымыз келесі кезеңге өтті

Бүгін, 12 наурыз күні Таиланд астанасы Бангкок қаласындағы жарыста 8 отандасымыз шаршы алаңға шықты.

Аса ауыр салмақта Владислав Саможонов жартылай финалда АҚШ өкілінен басым түссе, қалған 6 боксшымыз ширек финалға шықты. Ал турнирде жарқын жекпе-жектерімен есте қалған Даниал Шалқарбай өкінішке қарай, жарыс жолын аяқтады.

57 келі. А рингі. 1/8 финал.

Ақнұр Тұрсынғали - Кесиа Рили (Италия) - 3:2

60 келі. А рингі. 1/8 финал

Жасмин Абрамян - Айано Мочи (Жапония) - 5:0

70 келі. В рингі. 1/8 финал

Бибарыс Әшірбай - Джунхю Ю (Оңтүстік Корея) - 1-раундта техникалық нокаутпен жеңді

65 келі. А рингі. 1/8 финал

Айсұлу Мұхит - Тиана Рю (Аустралия)

75 келі. В рингі. 1/8 финал

Хамза Мақсатұлы - Жидеон Сансон Таулиалиа (Аустралия) - 3:0

80 келі. А рингі. 1/8 финал

Тимур Тайбеков - Асилбек Абдусамадов (Өзбекстан) - 4:1

+90 келі. В рингі. 1/2 финал

Владислав Саможонов - Калеб Стюарт Рейд (АҚШ) - 2-раундта қарсыластың қабағының жарылуына байланысты отандасымыз мерзімінен бұрын жеңіске жетті

65 келі. В рингі. 1/8 финал

Даниал Шалқарбай - Ростислав Хородинский (Украина) - 1:4

Айта кетейік, Дакардағы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия үлестірілетін бәсекеде әлемнің 78 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы сынға түсіп жатыр.

12 March, 2026
39

Даниал Сәбит: бокс секциясына 16 жасымда бардым

Көпшілік спортшылар бокспен бала кезден айналысады. Ал Даниал Сәбит бұл спортқа 16 жасында ғана келген. Соған қарамастан ол аз уақыт ішінде Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық турнирлерде топ жарып үлгерді. Осы орайда Софиядағы «Странджа» турнирінің жеңімпазы Даниал Сәбит өзінің спорттық мансабы туралы айтып берді.

 

Даниал, сізді бокс секциясына кеш келді деп естідім. Осы бойынша айтып бере аласыз ба?

  • Боксқа секциясына 1жасымда бардым. Ол 2018 жылдың қыркүйегі еді. Бокс тілімен айтсақ, өте кеш. Бірақ бұл менің жетістіктеріме жетуге кедергісін тигізбеді. 2019 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы, 2020, 2024, 2025 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атандым. 2021 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесін еншіледім. Шынымды айтсам, боксқа арман қуып емес, жай ғана спортпен шұғылдану мақсатында қатыстым. 

Неге дәл осы боксты таңдадыңыз? Оған дейін басқа спорттармен шұғылданып па едіңіз?

  • Оған дейін күреске барғанмын. Алайда құжат жинау керек болды. Оған уақыттың ыңғайы болмай, құжаттарды жинамадым. Содан күреске бармай қалдым. Ал боксқа қатысу үшін басында ешқандай құжат керек болмады және ең бастысы, тегін болды. Сол үшін боксты таңдадым.

Ең алғашқы қатысқан жарысыңызды еске түсіре аласыз ба?

  • Ең алғашқы жарысым бокстан жастар арасындағы Батыс Қазақстан облысының чемпионаты. Боксқа келгеннен кейін 3 айдан кейін болды. Сол жарыста 2 жекпе-жек өткізіп жеңімпаз атанып, ел чемпионатына жолдама алған едім. Одан кейін 2019 жылдың ақпан айында Шымкентте өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 46 келіде бақ сынап, топ жардым.

Сіз үшін Қазақстандағы ерекше сәт - алғаш рет ересектер арасында ел чемпионы болған сәтіңіз деп айтуға бола ма?

  • Иә, дәл солай. Себебі, 2020 жылы 23 қараша күні мен 18 жасқа толып, ресми түрде ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жұдырықтасуға мүмкіндік алдым. Оның үстіне туған күнім ел біріншілігінің басталуымен тұспа-тұс келді. Өзім сынға түскен 49 келіде басты фаворит сол сәтте 5 мәрте қатарынан Қазақстан чемпионатын жеңген Теміртас Жүсіпов саналды. Финалда ағамыз әрі бала кездегі кумирімнен басым түсіп кеттім.

World Boxing ұйымы жаңа салмақтарды енгізгелі Теміртас Жүсіповтың 50 келіде жұдырықтасуға қиналатындығы мен Сәкен Бибосыновтың 55 келіге көтерілгеніне куә болдық. Қазіргі сәтте өзіңізді бұл салмақта қалай сезінесіз? Салмақ қуу жағынан қиындық туындамай ма?

  • Салмақ қуу қиындау әрине. Алайда қууға болады, аса бір салмақ ауыстыратындай емес.

Сіз Қазақстан чемпионы атансаңыз да, 2021, 2023, 2025 жылғы әлем чемпионатында Санжар Тәшкенбай мен Теміртас Жүсіпов бақ сынап, 3 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Сол сәттерде сіздің бару мүмкіншілігіңіз қандай еді? Спаррингте жолдамаға таласып па едіңіз?

  • 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатының алдында бір рет Теміртас ағамызбен спарринг өткізген болатынбыз. Төрешілер шешімімен Теміртас ағаны жеңімпаз деп танып, сол кісі кетті. Артынша Белградта топ жарды.2022 жылы мен 51 келіге көтерілдім. Ол салмақта 2023 жылы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов барды. 2025 жылы Ливерпульде Санжар Тәшкенбай 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында Дубайдағы жаһандық додада жүлдеге бір қадам жетпей, ширек финалда сүріндім.

World Boxing ұйымы Лос-Анджелес Олимпиадасының салмақтар санатын өзгертіп жіберді. Кез келген спортшының арманы Олимпиада тұғырында тұру екендігін ескерсек, сізге бұл хабар қаншалықты әсер етті? Алдағы уақыттағы мақсатыңызды айта аласыз ба?

  • Алдағы жылдары көремізәл қәзір ештеңе белгісіз.

Сіз жақында ғана Болгариядағы «Странджа» турниріне бардыңыз. Осындай халықаралық жарыстар боксшыға қандай пайдасын береді деп ойлайсыз?

  • Өткізген оқу-жаттығу жиынын қорытындылау, шыңдау. Тәжірибе жинауға пайдасы көп. Ресми жарыста 2 ғана жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетсем де, күнделікті жаттығуда шетелдіктермен спаррингке шықтым.

Сіздің боксшы ретінде мықты қасиетіңіз қандай деп санайсыз?

  • Физикалық күш және мінез деп санаймын.

Бокста сіз үшін үлгі тұтатын спортшы бар ма?

  • Геннадий Головкин. Ол кісінің қандай қасиеттерін бағалаймын? Біріншіден, еңбекқорлық. Әуесқой бокста 2003 жылы әлем чемпионы және Афина Олимпиадасында күміс жүлдені еншілесе де тоқтамады. Өмірін кәсіпқой боксқа бұрып, ұзақ әрі қиын жол арқылы үлкен тұғырды бағындыра білді. Екіншіден, қарапайымдылық. Ағамыз әлемде ең танымал спортшының бірі болса да, адамгершілігін жоғалтпады. Үнемі ірі жарыстарда отандастарымызды жігерлендіріп, қолдап жүреді.

Париж Олимпиадасынан кейін бокстан ұлттық құрамамыз үлкен өзгеріске ұшырап, шетелдік мамандар шақыртылды. Сіздің ойыңызша, АҚШ-тан келген ағайынды Камачолардың жаттығуы қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр?

  • Физикалық тұрғыда жақсы көмектесіп жатыр. Ірі жарыстарда байқасаңыздар, боксшыларымыз шаршамайды. 3 раунд бойы жоғары қарқынмен айқасады. Соның арқасында 2025 жылы Ливерпульде ерлер құрамасы 4 бірдей алтын медальді жеңіп алды.

Бос уақытыңызда қалай өткізесіз?

  • Жақын адамдарыммен бірге уақыт өткізген ұнайды.

Ұлттық құрамада кімдермен жақсы араласасыз?

  • Жалпы көбімен араласамын. Олардың арасынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және Оразбек Асылқұловпен жақсы қарым-қатынастамын.

Сұхбатыңызға рақмет!

12 March, 2026
164

4 боксшымыз Таиландтағы турнирде қарсыластарын нокдаунға түсірді

Бүгін, 11 наурыз күні Таиланд астанасы Бангкок қаласындағы жарыста 6 отандасымыз шықты, деп хабарлайды Sport12.kz

50 келідегі Арман Мырсабит екі жекпе-жек қатарынан қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Ал аса ауыр салмақтағы Владислав Саможонов ерлер құрамасынан алғаш болып, жартылай финалға жолдама алды.

Ал 60 келідегі Досжан Жұмақан 2025 жылы Иорданияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалында Бобомурод Боймирзаевты жеңген еді. Осы жолы қос боксшының жолы ерте түйісті. Отандасымыз 3 раунд бойы ширақ қимылдап, кезекті рет мерейі үстем болды.

70 келі. В рингі. 1/16 финал

Бибарыс Әшірбай - Анас Абсоул (Иордания) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

+90 келі. А рингі. 1/4 финал

Владислав Саможонов - Ти Ани Рекит (Жаңа Зеландия) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді. 

50 келі. В рингі. 1/8 финал

Арман Мырсабит - Абдрахим Овузгулиев (Түркіменстан) - 1-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

60 келі. А рингі. 1/8 финал

Досжан Жұмақан -Бобомурод Боймирзаев (Өзбекстан) - 4:1

75 келі. В рингі. 1/16 финал

Даниял Шалқарбай - Сонни Мередиз (Канада) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді. 

6-жұп. 55 келі. А рингі. 1/16 финал.

Едіге Нұрқожа - Абдурасул Арсланов (Түркіменстан) - 0:5

Айта кетейік, Дакардағы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия үлестірілетін бәсекеде әлемнің 78 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы сынға түсіп жатыр.

 

11 March, 2026
53

Futures Cup халықаралық турнирі: екі отандасымыз келесі айналымға шықты

Бүгін, 10 наурыз күні Таиланд астанасы Бангкок қаласындағы жарыста 5 отандасымыз өнер көрсетті.

50 келі. В рингі. 1/16 финал
Арман Мырсабит - Шалва Беридзе (Грузия) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

60 келі. В рингі. 1/16 финал
Жасмин Абрамян - Мария Горзеланна (Польша) - 4:1

51 келі. 1/16 финал
Айым Танкибаева - Назокат Мардонова (Өзбекстан) - 0:5

54 келі. В рингі. 1/8 финал
Марал Төлепберген - Джойшри Деви Широм (Үндістан) - қарсылас 3-раундта айқын басымдықпен жеңді.

Асылай Мұрат - Мафтуна Мусурмонова (Өзбекстан) - отандасымыз жарыстан шеттетілді.

10 March, 2026
9

Бокстан Futures Cup турнирінің екінші күнінде төрт отандасымыз жеңіске жетті

Бүгін, 9 наурыз күні Таиланд астанасы Бангкок қаласындағы бәсекеде 4 отандасымыз да еш қиындықсыз келесі кезеңге өтті.

Олардың арасынан 60 келідегі Досжан Жұмақан екінші рет қатарынан жеңіске жетті.

57 келі. В рингі. 1/16 финал

Ақнұр Тұрсынғали - Шикка Азума (Жапония) - 5:0

55 келі. В рингі. 1/32 финал

Едіге Нұрқожа - Джастин Монталво (Пуэрто-Рико) - 4:1

60 келі. 1/16 финал

Досжан Жұмақан - Лионел Эрнандес (Гватемала) - 5:0

65 келі. В рингі. 1/32 финал

Даниял Шалқарбай - Вилмер Екблом Олссон (Швеция) - 5:0

Айта кетейік, Дакардағы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия үлестірілетін бәсекеде әлемнің 78 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы сынға түсіп жатыр.

09 March, 2026
10

Бокстан Манарбек Ихсановты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпаздары белгілі болды

Бокстан Астана қаласында 5-9 наурыз аралығында өткен жастар арасында ҚазКСР чемпионы Манарбек Ихсановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.

5 күнге жалғасқан халықаралық додада 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер 14 салмақта жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Айта кетейік, бәсекеге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің 20 өңірінен келген 300-ге жуық жас боксшы қатысты.

Жеңімпаздар:

44 келі. Азамат Бектемір (Астана қ.)
46 келі. Асылжан Алпан (Ақмола обл.)
48 келі. Александр Смагин (Ақмола обл.)
50 келі. Харун Есенжан (Атырау обл.)
52 келі. Бақдаулет Құралбай (Жамбыл обл)
54 келі. Бехруз Омаров (Тәжікстан)
57 келі. Елмурат Кукенов (Қырғызстан)
60 келі. Арыстан Ходжибаев (Жамбыл обл.)
63 келі. Нұртас Әлімбай (Жамбыл обл.)
66 келі. Бекет Сағызбаев (Қарағанды обл.)
70 келі. Даниал Аймаханов (Ақтөбе обл.)
75 келі. Диас Нұрмағанбет (Шымкент қ.)
80 келі. Емил Оспанов (Шымкент қ.)
+80 келі. Асанәлі Дарбаев (Ақмола обл)

Жалпы есепте Жамбыл мен Ақмола облысынан ең көп 3 чемпионнан шықса, көршілес Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері де 1 алтынмен үйлеріне қайтты.

Турнир жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан 200 мың теңге және IPhone 17 смартфоны, күміс жүлдегерге 100 мың теңге, қола жүлдегерге 50 мың теңге сыйақы табысталды. Сонымен қатар турнирдің «ең үздік төрешісі», «ең үздік боксшы», «жеңіске деген жігер» атты номинациялары бойынша үздіктерге 200 мың теңгеден берілді.

09 March, 2026
12

Futures Cup халықаралық турнирінде үш отандасымыз жеңіске жетті

Бүгін, 8 наурыз күні Бангкок қаласында 3 отандасымыз алғашқы жекпе-жектерін өткізіп, келесі кезеңге өтті.

Күндізгі сессия. 09:00

В рингі. 5-жұп. 54 келі. 1/16 финал
Марал Төлепберген - Розие Свейлис (Шотландия) - 5:0

Кешкі сессия. 15:00

В рингі. 3-жұп. 60 келі. 1/32 финал
Досжан Жұмақан - Феликс Очиенг Онианго (Кения) - 1-раундта айқын басымдықпен жеңді

В рингі. 10-жұп. 70 келі. 1/32 финал
Бибарыс Әшірбай - Мухаммад Мамадалиев (Тәжікстан) - ережені бұзғаны үшін, Тәжікстан спортшысы 3-раундтың соңында шеттетілді

08 March, 2026
10

Futures Cup халықаралық турниріндегі алғашқы қарсыластарымыз белгілі

Бангкокта (Таиланд) World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы  Futures Cup халықаралық турнирінің жеребесі өтті.

Ерлер.

50 келі. 1/16 финал
Арман Мырсабит - Осамах Әлхалди (Иордания)/Шалва Беридзе (Грузия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

55 келі. 1/32 финал
Едіге Нұрғожа - Джастин Монталво (Пуэрто-Рико)

60 келі. 1/32 финал
Досжан Жұмақан - Феликс Очиенг Онианго (Кения)

65 келі. 1/32 финал
Даниал Шалқарбай - Вилмер Екблом Олссон (Швеция)

70 келі. 1/32 финал
Бибарыс Әшірбай - Мухаммад Мамадалиев (Тәжікстан)

75 келі. 1/8 финал
Хамза Мақсатұлы - Жидеон Сансон Таулиалиа (Аустралия)

80 келі. 1/8 финал
Тимур Тайбеков - Асилбек Абдусамадов (Өзбекстан)

85 келі.1/4 финал
Нұрсұлтан Қыстаубай - Жахонгир Рузибоев (Тәжікстан)

90 келі. 1/2 финал
Жалғас Утебеков - Айтбек Бердімуратов (Қырғызстан)/Энтони Пати (Самоа) жұбының жеңімпазымен айқасады.

+90 келі. 1/4 финал
Владислав Саможонов - Те Ани Рекит (Жаңа Зеландия)

Әйелдер.

48 келі. 1/16 финал
Асылай Мұрат - Мафтуна Мусурмонова (Өзбекстан)

51 келі. 1/16 финал
Айым Танкибаева - Назокат Мардонова (Өзбекстан)

54 келі. 1/16 финал
Марал Төлепберген - Розие Свейлис (Шотландия)

57 келі. 1/16 финал
Ақнұр Тұрсынғали - Шикика Азума (Жапония)

60 келі. 1/16 финал
Жасмин Абрамян - Мария Горзеланна (Польша)

Әйелдер. 65 келі. 1/8 финал
Айсұлу Мұхит - Тиана Рю (Аустралия)

Әйелдер. 70 келі. 1/2 финал
Камила Оспанова - Мафтуна Янгиева (Өзбекстан)/Марлей Макнили (АҚШ)

Әйелдер. 75 келі. 1/2 финал
Зарина Толыбай - Наннафат Мунгпингкланг (Таиланд)/Майсса Кермезиан (Франция)

Әйелдер. 80 келі. 1/2 финал
Айдана Убайдуллақызы - Зи Мей Анх Дам (Вьетнам)

Айта кетейік, турнир 8-15 наурыз аралығында өтеді.

07 March, 2026
14

Бақыт Сәрсекбаев үшін алғашқы сынақ: 19 жасқа дейінгі Futures Cup халықаралық турнирінде кімдер бақ сынайды?

Бангкокта (Таиланд) World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында алғаш рет Futures Cup халықаралық турнирі өтеді.

Бапкерлер штабы аталған байрақты бәсекеге қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының тізімін жариялады.

Ерлер

50 келіге дейін: Арман Мырсәбит

55 келіге дейін: Едіге Нұрғожа

60 келіге дейін: Досжан Жұмақан

65 келіге дейін: Даниял Шалқарбай

70 келіге дейін: Бибарыс Әшірбай

75 келіге дейін: Хамза Мақсатұлы

80 келіге дейін: Тимур Тайбеков

85 келіге дейін: Нұрсұлтан Қыстаубай

90 келіге дейін: Жалғас Утебеков

90 келіден жоғары: Владислав Саможонов

Әйелдер

48 келіге дейін: Асылай Мұрат

51 келіге дейін: Айым Танкибаева

54 келіге дейін: Марал Төлепберген

57 келіге дейін: Ақнұр Тұрсынғали

60 келіге дейін: Жасмин Абрамян

65 келіге дейін: Айсұлу Мұхит

70 келіге дейін: Камила Оспанова

75 келіге дейін: Зарина Толыбай

80 келіге дейін: Айдана Убайдуллақызы

Турнир 8-15 наурыз аралығында өтеді.

06 March, 2026
10

Астанада бокстан Манарбек Ихсановты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир басталды

Астана қаласында бокстан жастар арасында ҚазССР чемпионы Манарбек Ихсановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир басталды.

Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің 20 өңірінен келген 300-ге жуық жас боксшы қатысып жатыр.

«Манарбек Ихсановты еске алуға арналған турниріміз алғаш рет 2023 жылы Орал қаласында облыстық деңгейде ұйымдастырылып еді. 2024 жылы Республикалық деңгейге көтерілді. Ал 2025 жылы халықаралық статусқа өсті. Әйтсе де Орал қаласы еліміздің кей облыстарына баруға алыс болғандықтан, турнирді Астанада өткізуді ұйғардық. Бұл жерде 2010 - 2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер жүлдеге таласады», - деді жарыс ұйымдастырушысы Қаймен Есендияров.

Манарбек Ихсанов - 1964 жылы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауданы, Болашақ ауылында дүниеге келген. Ересектер санатында 75 келіде жұдырықтасып, жарақат салдарынан спорт мансабын аяқтауға мәжбүр болған. Ал 1995 жылы өмірден өтті.

«Турнирімізде жасөспірімдер санатына басымдық беруді жөн көрдік. Себебі, жас боксшылар - еліміздің ертеңі. Олар қазірден тәжірибелері шыңдала беруі тиіс. Алдағы жоспарымыз - осы деңгейден түспеуге тырысу», - деп боксшының туған бауыры Жандарбек Ихсанов өз пікірін білдірді.

Турнир жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан 200 мың теңге және IPhone 17 смартфоны, күміс жүлдегерге 100 мың теңге, қола жүлдегерге 50 мың теңге сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар жеңімпаздардың бапкерлеріне 100 мың теңге мен естелік сыйлық табысталады.

Айта кетейік, турнир 9 наурызға дейін жалғасады.

05 March, 2026
11

«Странджа» турнирінде жерлестеріміз 4 алтын медаль жеңіп алды

Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық Странджа турнирі мәресіне жетті.

23 ақпан - 1 наурыз аралығында жалғасқан бәсекеде отандастарымыз 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Жастар арасында әлем чемпионы Элина Базарова (54 келі) финалда англиялық Лорен Маккиді 5:0 есебімен тізе бүктіріп, халықаралық турнирдің чемпионы атанды.

Отандасымыз турнир барысында бұдан бұрын 1/8 финал. аустралиялық Моник Сурачиді 4:1, ¼ финалда түркиялық Айшен Ташкын 5:0, ½ финалда тағы бір отандасымыз Анель Сақышты 3:2 есебімен қапы қалдырды. 

Қазақстандық тағы бір былғары қолғап шебері Надежда Рябец (80 келі) ақтық сында Түркия өкілі Ярен Дузтаспен күш сынасты. Үш раундта да отандасымыз айқын басымдығын танытып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Ел құрамасы қоржынына тағы бір алтын медаль 80 келіден жоғары салмақта түсті. Бұл салмақта өзін жақсы көрсете білген Валерия Аксенова финалда Өзбекстанның спортшысы Олтиной Сотимбоеваны 5:0 есебімен жеңіп кетті.

Тағы бір отандасымыз Лаура Есенкелді (65 келі) финалда әлем чемпионатының 3 мәрте жүлдегері Навбахор Хамидоваға 0:5 есебімен есе жіберді.

Ерлер арасында 50 келідегі Даниал Сәбит бас жүлдені әзербайжандық Билалхабаши Назаровпен сарапқа салды.

Өте тартысты өткен жекпе-жектің тағдыры шешуші раундта шешіліп, отандасымыз 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.

Қазақстандық былғары қолғап шебері ¼ финалда түркиялық Улас Ялчинкаяны 5:0 есебімен жеңсе, ½ финалда жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартқан өзбекстандық Асилбек Жалиловты орта жолда қалдырды.

Сондай-ақ, 70 келідегі Фарух Тоқтасынов АҚШ өкілі Лавант Броунлимен қолғап түйістірді. Өте тартысты өткен кездесудің шешуші раундында дәлдік танытқан Лавант Броули 4:1 есебімен басым түсті.

Қазақстандық боксшы бұл турнирде 1/16 финалда аустриялық Арсен Чабиан, 1/8 финалда түркіменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедовті 5:0 есебімен жеңсе, ¼ финалда германиялық Рэнди Ботикалиді 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаев алған жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартып, отандасымыз бірден финалға шыққан еді.

Одан бөлек, әйелдер арасында Анель Сақыш (54 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Дина Исламбекова (+80 келі) қола жүлде еншіледі. 

02 March, 2026
13