Cұлтан Айбарұлы: боксқа өз-өзімді қорғау үшін келген едім

Бокстан 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында жарқ етіп шыққан жаңа есімдердің бірі - Сұлтан Айбарұлы. Семейдегі ел біріншілігінде ол тәжірибелі боксшы Әбілхан Аманқұлды жеңіп, кейін Үндістандағы әлем Кубогында топ жарды. Қазақстан бокс федерациясына берген сұхбатында жас боксшы спорттағы жолы мен алдағы мақсаттары туралы айтып берді.
23 ақпан – 1 наурыз аралығында өткен «Странджа» турнирінің ширек финалында әлем чемпионы Акмалжон Исроиловқа жалынды қарсылық көрсете білдіңіз. Жалпы Болгария сапары сіз үшін қаншалықты пайдалы болды?
Иә, ¼ финалда Өзбекстан боксшысынан есе жібердім. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Бірінші раундта басымдық менде болды, бірақ кейін физикалық дайындық жағынан сәл жетпей қалды. Осы жағынан жұмыс жасау керектігін түсіндім. «Странджа» турнирі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені мықтылармен шыққанда ғана өзіңнің әлеуетіңді байқай аласың. Алдағы жарыстарда үлкен жетістіктерге жететініме сенімдімін.
Болгарияға өзге елдердің бірінші нөмірлі спортшылары келді ғой. Шетелдік боксшылардың сіз байқаған басты артықшылығы қандай деп ойлайсыз?
2025 жылы Болгариядағы бәсекеге 20 ел қатысса, биыл 31-ге дейін көбейді. АҚШ, Өзбекстан, Украина, Англия және т.б елдердің мықты былғары қолғап шеберлері келді. Жалпы барлық елдің спортшылары тыңғылықты дайындықпен келгендері көрініп тұр. Себебі, 2026 жылы әр құрлықтың 4 жылда бір өтетін Азия ойындары, Достастық ойындары секілді маңызды жарыстары бар.
Сіздің есіміңіз алғаш рет БАҚ беттерінде 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында аталды. Сол сәтте сіз ширек финалда жаһандық доданың күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қатысушысы Әбілхан Аманқұлды жеңіп кеттіңіз. Сол жайында айта аласыз ба?
Ия, мен үшін 2025 жыл олжалы болды. 85 келіде Әбілхан Аманқұл ағамызбен жұдырықтастық. Тәжірбиесі мол боксшы. 75 келіде біраз жетістіктерді бағындырған. Жекпе-жек оңай болмады. Бірақ ағамыздың ол кезде салмағы 80 келіге де жетпегенін айтуымыз керек. Оның үстіне Әбілхан Аманқұл біраз жылдық үзілістен соң, ел чемпионатында жұдырықтасты.
Ел біріншілігінен кейін Үндістанда сенсация жасап, әлем Кубогының финалдық кезеңінде топ жардыңыз. Өзіңіз ересектер сапындағы ірі жарысқа баратыныңызды және жеңісіңізді қалай бағаладыңыз?
Қазақстан чемпионатынан кейін бір ай болмай жатып, Әлем кубогына баруға жолым түсті. Сол сәтте мүмкіндік берген Қайрат Сәтжанов ағайымызға алғыс айтамын. Үндістанда Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның екінші нөмірлі боксшысын жеңіп, топ жардым. Әрине, кез келген жарыста чемпион атану жақсы эмоция сыйлайды.
Көптеген спортшылар боксқа дейін өзге спорттарда бағын сынап, кейін боксқа ауысып жатады. Сіз бокс жолына қалай келдіңіз?
- Боксқа өз-өзімді қорғау үшін келген едім. Сол себепті 11 жасымда боксқа келдім. Алғашқы жарыстарда жүлде алғаннан кейін, бұл спортқа деген қызығушылығым одан сайын арта түсті.
Кәсіби түрде спортпен айналысуды екінің бірі таңдай бермейтіні анық. Сіздің осы жолды қууыңызға не әсер етті? Өзіңіздің ойыңызша, сіздің өзге боксшылардан қарағанда қандай ерекшелігіңіз бар деп ойлайсыз?
Мен үшін бокс жолы ауыр жолдармен келе жатыр. Оңай спорт емес.Осыншама уақыт бойы келіп, мақсатыма жетпей қоя салу менікі емес! Түбінде арман-мақсатыма жетуге барымды саламын.
Қазір ел ішінде 85 келіде нақты көшбасшы болмай тұр. Қазақстан чемпионы Дәулет Төлемісов 90 келіге көтерілді. Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов мансабын аяқтады. Нұрбек Оралбайдың да Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақта ұзақ уақыт аялдауы екіталай. Өзіңіз бұл салмақтағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз? Осы салмақта тұрақтайсыз ба?
Әзірге осы 85 келіде тұрақтаймын. Алдағы мақсатым – 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысу.
2026 жылдан бері ұлттық құрама сапында жаттығып жүрсіз. Сізді алғашқы оқу-жаттығуында не таңғалдырды?
Оқу-жаттығуында таңғаларлық ештеңе жоқ. Өзіміздің істеп жүрген жұмысымыз болғаннан кейін бейімделіп кету қиынға түспеді.
Ұлттық құрама сапында кіммен жақсы араласасыз?
Ұлттық құрама сапында Дәулет Төлемісов, Бағлан Кенжебек, Фарух Тоқтасынов, Нұрбек Мурсал, Данияр Рахымбердиев, Нұрзат Оңғаров, Алмат Абдуали бауырларыммен жақсы араласамын.
Бокстан тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?
Бокстан тыс уақытта сериал көргенді және психологиялық кітаптарды оқығанды ұнатамын.
Алдағы бір-екі жылға қойған нақты мақсатыңыз қандай?
Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионатында топ жаруды көздеймін.
Сұхбатыңызға рақмет!













