Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы бапкері Әбдісалан Нұрмаханов қандай жетістікке жетті?

1993 жылы 57 жасында ұлттық құрамаға тағайындалған Әбдісалан Нұрмаханов жайлы естелігімізбен бөлісеміз.
Ұлттық құрамаға келгендегі алғашқы әсері
1993 жылы бас бапкерлікке келгенде командада жүгенсіздік жайлап тұрған еді. Іліп алар жігіттердің өзі арақ ішіп, шылым тартып, бетімен кеткен екен. Бір жыл табандап жүріп, тәртіпті жөнге салдым. Көне қоймаған үш-төртеуін құрамадан қуып та жібердім. Тіпті ұйқысы қалай, тамағы қандай, соған дейін қадағалау қажет болды. Күндізгі үлкен жаттығуда адам 8-9 мың килокалория қуатын жоғалтады. Тамағы, демалысы нашар болса, қалыпты жағдайға түсе алмайды. Спортшыларымның асқазан жолдарын түрлі шлактан арылтып, жуу үшін Олимпиадаға екі жарым ай қалғанда команданы Сарыағаш санаторийіне алып бардым. Одан бөлек, адам басқа географиялық аймаққа тек 9-шы күні ғана үйренеді. Түрлі атмосфералық қысымға организмді үйрету үшін, команданы Олимпиада алдында екі рет тауға шығардым. Сол арқылы өкпе қабын кеңейттік, жүрек соғысын реттедік. Осындай ғылыми ізденіспен жүйеленген жаттығу арқасында жігіттер үшінші раундта да шаршамайды.
(«Әбдісалан» атты кітабындағы сұхбатынан)
1993-1997 жылдар аралығында қандай танымал спортшылар шықты?
1993-1997 жылдар аралығында ұлттық құрамада Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов, Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Тілегенов, Бектас Әбубәкіров сынды боксшылардың жұлдызы жанды.
«Боксшы шәкірттерінің арасынан шымкенттік Нұржан Смановты ерекше іш тартатын. Адамгершілігі мол, талантты жігіттің бокстағы жолы ауыр екенін айтып, уайымдап отырушы еді. Ермаханды жақсы көрді. Ол біздің үйде де тұрды. Ермаханның институтқа түсуіне де көмектесті»
(Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпаш Шаймерденованың сұхбатынан)
Ірі жарыстарда қандай нәтиже көрсетті?
Атланта Олимпиадасы (1996 жыл, АҚШ)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 3-орын)
Василий Жиров Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін «Вэл Баркер» кубогын алды
Әлем чемпионаты (1995 жыл, Германия)
1 күміс, 1 қола
Азия ойындары (1994 жыл, Жапония)
2 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 2-орын)
Азия чемпионаты (1994 жыл, Иран)
5 алтын, 1 күміс, 4 қола (жалпы есепте 1-орын)
Азия чемпионаты (1995 жыл, Өзбекстан)
6 алтын, 1 күміс (жалпы есепте 1-орын)
Әлем Кубогы (1994 жыл, Таиланд)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола












