Бокстан Қазақстан құрамасы ертең Моңғолияға аттанады. 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Ұланбатырда World Boxing ұйымдастыруымен ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты өтеді.
Әлем чемпионы Галиб Джафаровтың құрметіне арналған халықаралық турнир басталды
Бокстан Ақтөбе қаласындағы Жекпе-Жек спорт сарайында 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында бәсеке басталды.
Жарысқа еліміздің 18 облысы және Ресей Федерациясынан 192 боксшы тіркелді.
Турнир барысында 14 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, жарыс 28 наурызға дейін жалғасады.
25 March, 2026
8
Олимпиада жүлдегерлері бокс федерациясында қызметке тағайындалды
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Серік Жұманғалиұлы Сәпиев 1983 жылы дүниеге келген. Бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, екі дүркін әлем және Азия чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Вэл Баркер Кубогінің иегері.
Қазақстан бокс федерациясы президентінің боксты дамыту жөніндегі кеңесшісі қызметінде Серік Сәпиев бокс құрамаларының нәтижесін жақсарту, спорт түрін дамыту бойынша жүйелі жұмыс пен Олимпиада ойындарындағы жоғары жетістік жолында қызмет атқарады.
Сондай-ақ Қанат Ислам бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі болды.
1984 жылы дүниеге келген. Кәсіпқой боксшы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Әуесқой бокста Қытай құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасы, әлем чемпионаты және Азия Ойындарының қола жүлдегері атанды.
2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы болған ол «Астана арландары» кәсіпқой клубы сапында ойын көрсетті. Кәсіпқой бокста 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сінде нокаутпен жеңіске жеткен. Қанат Ислам бұдан былай отандық бокста жастар құрамасының жұмысын үйлестіріп, әлемдік аренадағы нәтижені жақсартуға үлес қоспақ.
24 March, 2026
12
Черногориядағы турнирде боксшыларымыз 5 жүлде алды
15-21 наурыз аралығында Черногорияның Будва қаласында өткен халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
1-орын. +90 келі. Салауат Тлекбай
2-орын. 54 келі. Томирис Мырзақұл
3-орын. 48 келі. Гүлназ Бөрібаева
3-орын. 70 келі. Анастасия Баязитова
3-орын. 80 келі. Жібек Жарасқызы
Бұл турнирге Украина, Қырғызстан, Польша, Аустрия, Мексика, Сербия, Косово, Черногория, Германия, Молдова, Македония, Грекия, Бельгия, Әзербайжан, Албания, Словакия, Хорватия, Босния және Герцеговина елдері қатысты.
22 March, 2026
15
World Boxing ұйымының жаңартылған рейтингінде 6 боксшымыз топ бастады
World Boxing ұйымы әйелдер және ерлер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады.
Әйелдер арасында Аида Әбікеева 65 келіде, Наталья Богданова 70 келіде бірінші орында тұр.
Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова екінші, Виктория Графеева мен Елдана Талипова үшінші орынға жайғасқан.
Ерлер арасында Санжар Тәшкенбай 50 келіде, Махмұд Сабырхан 55 келіде, Төрехан Сабырхан 70 келіде, Айбек Оралбай +90 келіде әлемдік рейтингтің шыңында орналасқан.
Ал, Нұрбек Оралбай екінші орынды иеленді.
19 March, 2026
9
Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы бапкері Әбдісалан Нұрмаханов қандай жетістікке жетті?
1993 жылы 57 жасында ұлттық құрамаға тағайындалған Әбдісалан Нұрмаханов жайлы естелігімізбен бөлісеміз.
Ұлттық құрамаға келгендегі алғашқы әсері
1993 жылы бас бапкерлікке келгенде командада жүгенсіздік жайлап тұрған еді. Іліп алар жігіттердің өзі арақ ішіп, шылым тартып, бетімен кеткен екен. Бір жыл табандап жүріп, тәртіпті жөнге салдым. Көне қоймаған үш-төртеуін құрамадан қуып та жібердім. Тіпті ұйқысы қалай, тамағы қандай, соған дейін қадағалау қажет болды. Күндізгі үлкен жаттығуда адам 8-9 мың килокалория қуатын жоғалтады. Тамағы, демалысы нашар болса, қалыпты жағдайға түсе алмайды. Спортшыларымның асқазан жолдарын түрлі шлактан арылтып, жуу үшін Олимпиадаға екі жарым ай қалғанда команданы Сарыағаш санаторийіне алып бардым. Одан бөлек, адам басқа географиялық аймаққа тек 9-шы күні ғана үйренеді. Түрлі атмосфералық қысымға организмді үйрету үшін, команданы Олимпиада алдында екі рет тауға шығардым. Сол арқылы өкпе қабын кеңейттік, жүрек соғысын реттедік. Осындай ғылыми ізденіспен жүйеленген жаттығу арқасында жігіттер үшінші раундта да шаршамайды.
(«Әбдісалан» атты кітабындағы сұхбатынан)
1993-1997 жылдар аралығында қандай танымал спортшылар шықты?
1993-1997 жылдар аралығында ұлттық құрамада Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов, Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Тілегенов, Бектас Әбубәкіров сынды боксшылардың жұлдызы жанды.
«Боксшы шәкірттерінің арасынан шымкенттік Нұржан Смановты ерекше іш тартатын. Адамгершілігі мол, талантты жігіттің бокстағы жолы ауыр екенін айтып, уайымдап отырушы еді. Ермаханды жақсы көрді. Ол біздің үйде де тұрды. Ермаханның институтқа түсуіне де көмектесті»
(Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпаш Шаймерденованың сұхбатынан)
Ірі жарыстарда қандай нәтиже көрсетті?
Атланта Олимпиадасы (1996 жыл, АҚШ)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 3-орын)
Василий Жиров Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін «Вэл Баркер» кубогын алды
Әлем чемпионаты (1995 жыл, Германия)
1 күміс, 1 қола
Азия ойындары (1994 жыл, Жапония)
2 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 2-орын)
Азия чемпионаты (1994 жыл, Иран)
5 алтын, 1 күміс, 4 қола (жалпы есепте 1-орын)
Азия чемпионаты (1995 жыл, Өзбекстан)
6 алтын, 1 күміс (жалпы есепте 1-орын)
Әлем Кубогы (1994 жыл, Таиланд)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола
18 March, 2026
48
Боксшыларымыз Montenegro Cup турниріне қатысып жатыр
Қазақстан құрамасының спортшылары 15-21 наурыз аралығында Черногорияның Будва қаласында жалғасып жатқан турнирде жұдырықтасуда.
Бұл бәсекеде Украина, Қырғызстан, Польша, Аустрия, Мексика, Сербия, Косово, Черногория, Германия, Молдова, Македония, Грекия, Бельгия, Әзербайжан, Албания, Словакия, Хорватия, Босния және Герцеговина елдері 20 салмақта жүлдені сарапқа салып жатыр.
Қазақстан сапынан әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Томирис Мырзақұл (54 келі), Әсем Таңатар (65 келі), Анастасия Баязитова (70 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі) ел намысын қорғаса, ерлер арасында Ағажан Қадыр (70 келі) мен Салауат Тлекбай (80 келі) жұдырықтасады.
Финалдық жекпе-жектер 21 наурызға жоспарланған.
17 March, 2026
25
Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр
Бас жаттықтырушы Нұржан Насанов жетекшілігімен ерлер құрамасы алдағы Азия чемпионатына дайындық жүргізіп жатыр.
Бұл жолғы халықаралық деңгейдегі жаттығу жиынына Өзбекстан, Түркіменстан, Германия, Түркия командалары келді.
Айта кетейік, ересектер арасындағы Азия чемпионаты 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтеді. Біріншілік алдында сол жерде де бірлескен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады.
16 March, 2026
24
Қазақстан құрамасы бокстан Futures Cup турнирінде төрт алтын медаль жеңіп алды
Қазақстандық боксшылар Таиландтың Бангкок қаласында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен жастар арасындағы Futures Cup турнирінде сегіз медальға ие болды.
Қазақстан сапынан 19 боксшымыз ел намысын қорғап, 4 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль еншіледі.
Отандастарымыз арасынан Досжан Жұмақан (60 келі), Айдана Убайдуллақызы (80 келі), Хамза Мақсатұлы (75 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі) чемпион атанды.
Ал Камила Оспанова (70 келі), Жалғас Өтебеков (90 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) күміс медаль алды.
Ал Ақнұр Тұрсынғали (57 келі), Зарина Толыбай (75 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Дакардағы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия үлестірілетін бәсекеде әлемнің 78 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы сынға түсті.
Futures Cup халықаралық турнирінде 6 отандасымыздың мерейі үстем болды
Бүгін, 13 наурыз күні Таиланд астанасы Бангкок қаласында ширек финалдық бәсекелер өтті. 1/4 финалдың қорытындысы бойынша, 10 отандасымыз жартылай финалға шықса, 1 боксшымыз финалда айқасады.