МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Төрт боксшымыз финалдың жолдамасын иеленді

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектерінің жартысы өтті.

Нәтижесінде Ұлттық құраманың 4 спортшысы ақтық сынға өтті. Күндізгі сессияда Бақыт Сейдіш (-70 кг) Қытай өкілі Алимир Абудуреймді айқын басымдықпен жеңді. Сосын -80 кг салмақтағы Надежда Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері Пужа Ранимен (Үндістан) жекпе-жекте басым түсті.

Ал кешкі сессияда +80 кг салмақта бақ сынайтын отандасымыз Дина Исламбекова өзбек боксшысы Олтиной Сотимбоеваның, әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (-70 кг) қытайлық Пейчен Уанның осал тұсын тапты.

Сондай-ақ бүгін шаршы алаңға шыққан Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг) мен Ертуған Зейнулинов (-65 кг) қарсыласқа жол беріп, қола жүлдегер атанды.

Ертең тағы жартылай финалдар өтеді. Қазақстан командасы сапынан Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) күш сынасады.

Азия чемпионатын Qazsport тікелей эфирде тек телеарнадан көрсетеді.

06 апреля, 2026
9

Азия чемпионатында 13 боксшымыз жартылай финалға өтті

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық 13 боксшы жартылай финалға жолдама алды.

Ерлер құрамасынан Махмуд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) енді финал жолдамасын сарапқа салады.

Ерлер құрамасынан Санжар Тәшкенбай (50 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі) жарыс жолын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды. 

Ал әйелдер құрамасында Айгерім Сәттібаева (48 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жартылай финалда шаршы алаңға шығады.

Олардың қатарынан Лаура Есенкелді (65 келі), Жазира Орақбаева (51 келі, Элина Базарова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

05 апреля, 2026
9

4 боксшымыз Азия чемпионатының келесі кезеңіне өтті

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында ел құрамасынан 4 сәуірде 5 отандасымыз өнер көрсетті.

Күндізгі сессия
2-жұп. 65 келі, Лаура Есенкелді - Анкушита Боро (Үндістан) - 1:4
5-жұп. 50 келі. Санжар Тәшкенбай - Вишванаш Суреш (Үндістан) - 0:5
12-жұп. 65 келі. Ертуған Зейнуллинов - Мирзохид Имамназаров (Қырғызстан) - 3:2

Кешкі сессия
4-жұп. 75 келі. Валентина Хальзова - Суйеон Сеонг (Оңтүстік Корея) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді
9-жұп. 90 келіден жоғары. Айбек Оралбай - Арман Маханов - 4:1

Айта кетсек, бүгін Оразбек Асылқұлов (60 келі) Азия чемпионатында жапониялық Шунсуке Китамотомен кездесуі керек еді. Алайда қарсылас жарақатына байланыста шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болды. Осылайша Оразбек жартылай финалға өтті.

04 апреля, 2026
4

Ағайынды Сабырхандар Азия чемпионатының жартылай финалына өтті

Бокстан Моңғолия астанасы Ұланбатырда Азия чемпионатының ширек финалы басталды.

Әлем чемпионы, 70 келідегі Төрехан Сабырхан 1/4 финалда Тәжікстан өкілі Шамшер Саидовпен жолықты.

Алғашқы раундта Тәжікстан боксшысы ауыр соққыларымен басымдықты алуға тырысты. Бірақ отандасымыз қарсыласын қашықтықта ұстап, жылдам соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Есеп: 4:1.

Кешкі сессияда 2 дүркін әлем чемпионы, 55 келідегі Махмұд Сабырхан 1/4 финалда  Шахзод Мұзафаровпен (Өзбекстан) жұдырықтасты.

Бір-бірін жақсы білетін боксшылар аңдысып жатпай-ақ, алғашқы раундтан ашық айқасқа кетті. 3 раунд бойы жоғары қарқында өткен жекпе-жекте 3:2 есебімен отандасымыз жеңіске жетті.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан 2024 жылғы құрлықтық жарыстың финалында дәл осы Шахзод Мұзафаровты жеңіп, Азия чемпионы атанған.

03 апреля, 2026
2

Ертуған Зейнуллинов ширек финалға шықты

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. 

Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 65 келідегі Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Отандасымыз 1/8 финалда Тайпей өкілі Ю Линды алғашқы минуттан қыспаққа алып, шабуылда белсенді болды. Нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Ертуғанға берді.

Ширек финалдағы қарсыласымыз Қырғызстан өкілі Мирзохид Имамназаров атанады.

02 апреля, 2026
4

Сағындық Тоғамбай: құрлықтық додадағы қарсыластарым осал емес

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Сағындық Тоғамбай (90 келі) World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатына дайындық және алдағы қарсыластары жөнінде пікірін білдірді.

— Құрлықтық додадағы қарсыластарым осал емес. Солардың бірі — қытайлық боксшымен алғаш рет Азия ойындарында кездескен едім. Ол жолы жартылай финалда қарсыласыма есе жібердім. Одан кейін Астанадағы Елорда кубогында есемді қайтардым. Бұл жолы үшінші мәрте шеберлік байқасамыз. Алдағы жекпе-жекте жеңіспен қуантамын деген ойдамын. Жалпы, бұл салмақта әлем бойынша мықты боксшылар көп. Мәселен, өзбекстандық қарсыластарымды ерекшелеп айтар едім. Сондай-ақ құрлықтық додада Тәжікстан, Үндістан боксшылары да жүлдеге ілігуді қалайды. Мен 2019 жылы Моңғолияда жастар арасында Азия чемпионатына қатысқан едік. Қазір олардың арасынан Махмұд Сабырхан, Ерасыл Жакпековті жанкүйерлер жақсы таниды. Барлығымыз енді Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық, — деді Сағындық Тоғамбай. 

Сағындық Тоғамбай 2001 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. Қазірге дейін ол Азия чемпионатында 2024 жылы алтын алса, 2022 жылы қола жүлдегер атанды.

01 апреля, 2026
8

Төрехан Сабырхан: жеңіс жолын жалғағым келеді

 

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының ең жас спортшысының бірі Төрехан Сабырхан (70 келі) Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионаты жайлы ойымен бөлісті.

- Құрлықтық додаға дайындық өте жақсы. Ұлттық құрама мүшелерінің көңіл-күйі көтеріңкі. Салмақ жағынан ешқандай мәселе жоқ. Барлығы керемет, жекпе-жектерімізді күтіп жүрміз. Турнирге Иорданиядан Ишайш пен Жапониядан Окадзава келді. Олар Ливерпульде өткен әлем чемпионатына қатысты. Олар турнир кестесінің өзге бөлігінде, ал мен басқа бөлігіндемін. Қашанда қазақстандық боксшылар халықаралық жарыстарда 69-70 келі салмақта жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мен сол сәттілік жолын жалғағым келеді», - деді Төрехан Сабырхан.

Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.

Сондай-ақ 2025 жылы  Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing аясында болған әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

31 марта, 2026
8

Бокстан Азия чемпионаты басталды

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық екі боксшы өнер көрсетті.

Отандасымыз Жазира Орақбаева (51 келі) әлем чемпионатының қола жүлдегері, Солтүстік Корея өкілі Кум Бёл Анмен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында есепте алда келе жатқан еді. Дегенмен шешуші раунда жарақатына байланысты айқасты тоқтатуға мәжбүр болып, жеңіс қарсыласына берілді.

Ал Элина Базарова (54 келі) үндістандық Притиге 0:5 есебімен есе жіберді.

Енді ертеңгі бағдарламада 60 келідегі Римма Волосенко шаршы алаңға шығады.

30 марта, 2026
9

Бокстан Азия чемпионатындағы алғашқы қарсыластарымыз анықталды

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында бокстан Азия чемпионаты аясында жеребе тарту рәсімі өтті.

Ерлер

50 кг дейін: Санжар Тәшкенбай – Баглан Ергешов (Қырғызстан) пен Вишванат Суреш (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазы

55 кг дейін: Махмұд Сабырхан – Махди Альмасалех (Иордания) пен Шахзод Музафаров (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы

60 кг дейін: Оразбек Асылқұлов – Поль Баскон (Филиппин)

65 кг дейін: Ертуған Зейнуллинов – Ю Линь (Тайбэй)

70 кг дейін: Төрехан Сабырхан – Ким Юн Су (Оңтүстік Корея) мен Шамшер Саидов (Тәжікстан) жекпе-жегінің жеңімпазы

75 кг дейін: Сабыржан Ақалықов – Яги Талга (Жапония)

80 кг дейін: Ерасыл Жақпеков – Сагын Сатыбалды (Қырғызстан) мен Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы

85 кг дейін: Нұрбек Оралбай – Барлаахан Дору (Моңғолия) мен Мохаммад Сулейман (Иордания) жекпе-жегінің жеңімпазы

90 кг дейін: Сағындық Тоғамбай – Хань Сюэчжэнь (Қытай)

90 кг жоғары: Айбек Оралбай – Бекнур Хали (Моңғолия) мен Арман Маханов (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы

Әйелдер

48 кг дейін: Әйгерім Сәттібаева – Сабина Бобокулова (Өзбекстан)

51 кг дейін: Жәзира Орақбаева – Кум Бьель Ан (Солтүстік Корея)

54 кг дейін: Элина Базарова – Прити (Үндістан)

57 кг дейін: Ұлжан Сәрсенбек – Панрави Руенрос (Таиланд) пен Хюен Чан Нгуен (Вьетнам) жекпе-жегінің жеңімпазы

60 кг дейін: Римма Волосенко – Прия (Үндістан)

65 кг дейін: Лаура Есенкелді – Боро Анкушита (Үндістан)

70 кг дейін: Бақыт Сейдіш – Суджин Сон (Оңтүстік Корея) мен Алимире Абудурейиму (Қытай) жекпе-жегінің жеңімпазы

75 кг дейін: Валентина Хальзова – Суен Сон (Оңтүстік Корея)

80 кг дейін: Надежда Рябец – Пуджа Рани (Үндістан)

80 кг жоғары: Дина Исламбекова – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан)

Айта кетейік, Азия чемпионаты 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді.

29 марта, 2026
15

Моңғолияда қандай жетістіктеріміз жаңаруы мүмкін?

29 наурыз - 11 сәуір күндері аралығында Моңғолия мемлекеті өз тарихында үшінші мәрте  Азия чемпионатын қабылдайды. 

Моңғолияда қалай өнер көрсеттік?

2007 жылы Ұланбатыр қаласында өткен сары құрлықтың додасында Олимпиада чемпиондары Бақыт Сәрсекбаев (69 келі), Серік Сәпиев (64 келі) және Мират Сәрсенбаев (51 келі) топ жарған еді. Ал әйелдер құрамасының қазіргі бас бапкері Елдос Сайдалин (57 келі) күміс жүлде еншілесе, Қанат Әбутәліпов (56 келі) мен Хамзат Гелисханов (91 келі) қола жүлдегер атанды.

2012 жылы әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 күміс (Юлдуз Маматкулова, Ләззат Күңгейбаева) пен 2 қола жүлде (Фируза Шарипова, Гүлжан Акимова) алды.

Қандай ерекшелік бар?

Азия чемпионатына екінші мәрте Украина мемлекеті қатысады. 2024 жылы бұл құрама 2 күміс пен 11 қола жүлде жеңіп алған еді. Қазіргі құрамасы алтын медальді көздеп келетіндігі анық. Бірер ай бұрын ғана Болгарияда өткен «Странджа» турнирінде Украинаның ерлер командасы 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде иеленіп, өздерінің әлеуеттерін көрсетті. Құраманың сапында қазақ боксшыларымен кездесіп үлгерген Максим Зименко (55 келі), Матвей Ряжба (85 келі), Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиевті сенсациялық түрде жеңген Павел Иллюша (80 келі), Елвин Алиев (65 келі) cынды мықты спортшылар бар. 

Азия чемпионатында ең көп алтын жүлде алған ТОП-3 мемлекет:

2019 жылдан бастап, ерлер мен әйелдердің жүлдесі бірге есептеледі.

Оңтүстік Корея - 86 (1992 жылға дейін 76)

Қазақстан – 72

Өзбекстан – 66

Азия чемпионатында бірнеше рет топ жарған боксшыларымыз

Биылғы құрамада аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Қазақстан тарихында ең көп 3 дүркін Азия чемпионы атанған Василий Левитті қуып жетуі әбден мүмкін.

Василий Левит (2009, 2015, 2017) – 3 дүркін Азия чемпионы атанып қана қоймай, 2019 бен 2021 жылдары күміс және қола жүлде иеленген.

Бақыт Сәрсекбаев (2002, 2005, 2007) – 2002 жылы Өзбекстан атынан және 2005, 2007 жылдары Қазақстан сапында Азия чемпионы атанған.

Болат Жұмаділов (1994, 1995)

Болат Ниязымбетов (1994, 1995) 

Нұржан Сманов (19941997)

Ермахан Ибраимов (19951999)

Серік Сәпиев (20072009)

Данияр Елеусінов (20132015)

Иван Дычко (20132015)

Теміртас Жүсіпов (20132019)

Айбек Оралбай (2022, 2024)

Қазақстан құрамасынан кімдер барады?

50 келі. Санжар Тәшкенбай (2 дүркін әлем чемпионы)

Азия чемпионатына үшінші мәрте барады. 2022 жылы Азия чемпионы атанса, 2024 жылы күміс жүлде иеленді.

55 келі. Махмұд Сабырхан (2 дүркін әлем чемпионы)

Үшінші рет сары құрлықтың додасында жұдырықтасады. 2024 жылы Азия чемпионы атанған. 2022 жылы күміс жүлде еншіледі.

60 келі. Оразбек Асылқұлов (әлем чемпионы)

2024 жылы финалға дейін жетті.

65 келі. Ертуған Зейнуллинов (әлем чемпионатының қола жүлдегері)

Азия чемпионатына алғаш рет барады.

70 келі. Төрехан Сабырхан (әлем чемпионы)

Азия чемпионатында дебют жасайды.

75 келі. Сабыржан Аққалықов (әлем чемпионатының күміс жүлдегері)

Алғаш рет қатысады.

80 келі. Ерасыл Жақпеков 

2024 жылы қола жүлдегер атанған.

85 келі. Нұрбек Оралбай (Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері және әлем чемпионы)

2022 жылы қола жүлде алған.

90 келі. Сағындық Тоғамбай

2024 жылғы Азия чемпионы және 2022 жылы қола жүлде алды.

 +90 келі. Айбек Оралбай (әлем чемпионы)

2022 және 2024 жылы Азия чемпионы атанды.

 

27 марта, 2026
15

Бокстан Азия чемпионатына баратын құрам анықталды

Бокстан Қазақстан құрамасы ертең Моңғолияға аттанады. 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Ұланбатырда World Boxing ұйымдастыруымен ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты өтеді.

Нұржан Насанов жетекшілігімен ел намысын қорғайтын ерлер құрамасы:
50 келі. Санжар Тәшкенбай
55 келі. Махмұд Сабырхан
60 келі. Оразбек Асылқұлов
65 келі. Ертуған Зейнулинов
70 келі. Төрехан Сабырхан
75 келі. Сабыржан Аққалықов
80 келі. Ерасыл Жақпеков
85 келі. Нұрбек Оралбай
90 келі. Сағындық Тоғамбай
+90 келі. Айбек Оралбай

Елдос Сайдалин жетекшілігімен біріншілікке қатысатын әйелдер құрамасы:
48 келі. Әйгерім Сәттібаева
51 келі. Жазира Орақбаева
54 келі. Элина Базарова
57 келі. Ұлжан Сәрсенбек
60 келі. Римма Волосенко
65 келі. Лаура Есенкелді
70 келі. Бақыт Сейдіш
75 келі. Валентина Хальзова
80 келі. Надежда Рябец
+80 келі. Дина Исламбекова

29 наурыз күні жарыстың жеребесі тартылады. 

26 марта, 2026
6