World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында қазақстандық үш боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ел құрамасынан әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева (60 келі) 1/8 финалда Емили Рзаевамен (Әзербайжан) жолықты.
Бұл жекпе-жекте шеберлік жағынан қос боксшының деңгейі едәуір білінді. Отандасымыз алғашқы минуттан толықтай басымдыққа ие болып, нәтижесінде төреші 2-раундтың бел ортасында айқасты тоқтатты. Виктория қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Ал Даниал Сәбит (50 келі) 1/8 финалда Мажарстан өкілі Иштван Шзакамен кездесті.
Алғашқы раундта қарсылас жылдам әрі дәл соққыларымен көзге түсіп, төрешілердің шешімін өзіне аударған еді. Әйтсе де отандасымыз қалған уақытта қарқынын арттырып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.
Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов аустралиялық Марлон Севехонды 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті
Ал Әлем чемпионы Наталья Богданова (70 келіде) 1/8 финалда Олимпиада чемпионы, жоғары салмаққа ауысқан Бусеназ Сюрменелимен (Түркия) қолғап түйістірді.
Қос боксшы да дамылсыз соққыларымен алға ұмтылумен болды. Нәтижесінде спортшылар алма-кезек басымдыққа ие болды. Ал шешуші раундта Бусеназ Сюрменели қарсыласты күтіп алу, аяқпен шебер жұмыс істеу секілді компоненттерде басымдық танытып, 4:0 есебімен жеңімпаз деп танылды.
Одан бөлек, 70 келідегі Фарух Тоқтасынов әлем чемпионы, осы салмақтың басты фавориті саналған Севон Окадзаваны (Жапония) 3:2 есебімен жеңіп кетсе, 3 дүркін әлем чемпионы, 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай күтпеген жерден польшалық Виктория Рогалинскаға есе жіберді.
23 April, 2026
8
Әлем кубогының екінші күні қалай өтті?
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының бірінші кезеңінің екінші жарыс күнінде Қазақстаннан екі боксшы шаршы алаңға шықты.
55 келіге дейінгі салмақта Бағлан Кенжебек 1/16 финалда армениялық Жирайр Саргсянмен кездесіп, төрешілердің бөлінген шешімімен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Айта кетейік, үшінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға жіберген.
Ал 65 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы тунистік Хассен Атиамен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Еске салайық, бұл турнирде Қазақстан құрамасы бастапқыда 16 боксшымен (9 ер, 7 әйел) қатысуда.
22 April, 2026
19
Айбек Оралбай: босаңсуға әлі ерте
Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, жуырда Моңғолияда өткен Азия чемпионатында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алған Айбек Оралбай өз өнеріне баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сіздер үнемі ірі жарыстарға бірге барып жүрсеңіздер де, Моңғолияда ғана екеуіңіз чемпион атана алдыңыздар. Осы сәтті қалай қабылдадыңыздар? Жасөспірім кездеріңізде де бірге чемпион болған сәттеріңіз көп болып па еді?
Иә, Азия чемпионатында бір үйден чемпион атанып жатқан жайымыз бар. Бұған дейін 10-15 турнирде бірге топ жарған едік. Алайда ересектер арасындағы ірі жарыстар бірінші рет осындай жағдай тіркеліп отыр. Қуаныштымыз. Бұйырса, күзде өтетін жазғы Азия ойындары, 2027 жылы Астана төрінде, 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында да осы жетістіктерімізді жалғастырсақ деген сенімдеміз.
Әуел бастан сіз аса ауыр салмақта Азия чемпионатының басты фавориты саналдыңыз. Жарысқа фаворит ретінде бару сізді босаңсытпай ма? Азия чемпионатындағы жекпе-жектерге көңіліңіз қаншалықты толады?
Әлем чемпионы және 2 дүркін Азия чемпионы ретінде барған соң, міндетті түрде фаворит ретінде саналдым. Бұның артықшылығы – өз-өзіңе деген сенімділігің болады. Бірақ еш босаңсуға болмайды. Өйткені қарсыластар атағы бар боксшылармен барын салып жұдырықтасып, сенсация жасауға тырысады. Басқа салмақтарда да айқын фавориттердің жеңілгенін көрдік. Оның үстіне аса ауыр салмақта күтпеген бір соққы жекпе-жектің тағдырын шешіп кету ықтималдығы жоғары.
Бас бапкер Нұржан Насанов өз сұхбатында Нұрбек пен Айбек толықтай бабында болмады деді. Сіз де өзіңізді сары құрлық додасына 100% бабында болмадым деп ойлайсыз ба?
Иә, біз бас бапкер Нұржан Насановқа физикалық дайындығымыздың толықтай 100% болмағанын алдын ала ескерттік. Шамамен 60-70 пайыз шамасында өз әлеуетімізді көрсеттік деп ойлаймыз. Бұйырса, қыркүйек айындағы жазғы Азия ойындарына сақадай cай боламыз. Өздеріңіз білетіндей, спортшы бір жылда 1-2 мәрте ғана дайындығының шыңына жетеді.
2025 жылы әлем чемпионаты және 2026 жылы Азия чемпионатында да сіздің жекпе-жегіңіз жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын анықтады. Бірақ сізге бұл фактор қатты әсер етпеген секілді?
Әлем чемпионатында Өзбекстанмен боксшысымен өткен айқас жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын шешті. Геннадий Головкин де өзінің ағалық кеңесін айтып, қолдауын танытқан еді. Нәтижесінде соңғы секундқа дейін жеңіс үшін аянып қалмай, еліміздің абыройын асқақтаттым. Сондай-ақ мен ерлер құрамасының капитаны ретінде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының шешуші жекпе-жектерінде жеңісім өзге жігіттерге психологиялық басымдық береді деп ойлаймын.
Бас бапкер Нұржан Насанов үшін өткен Азия чемпионаты үлкен сынақ болғаны түсінікті. Тіпті ол кісі түнімен қарсыластардың жекпе-жектерін көріп, зерттедім деді. Сіздерге ол кісінің ақыл-кеңестері қаншалықты көмегін тигізді?
Нұржан ағамыз Азия чемпионатына бірінші рет келіп жатқан жоқ. Бірақ бас бапкер ретінде жауапкершілігі үлкен екенін білеміз. Күнделікті ағайымызбен қарсыластарымызды талқылап, зерттедік. Боксшы ретінде біз оған, бапкер ретінде ол кісі әр жекпе-жектегі жайттарды айтып отырды. Бірге атқарылған жұмыс өз жемісін берді. Нұржан ағамызға алғысымыз шексіз.
Азия чемпионаты, әлем кубоктары алдағы Азия ойындарына дайындық ретінде саналатындығы түсінікті. Осы орайда сіздің басты қарсыластарыңыздың бірі - Жахонгир Зокировтың АҚШ-та дайындалып жүргенін көрдік. Сіздер 3 мәрте кездесіп үлгердіңіздер ғой. Оның қарқыны артып жатқаны сезіле ме? Жапонияда одан да басқа қауіпті қарсыластар бар ма?
2026 жылдағы басты мақсатымыз – жазғы Азия ойындары. Бұйырса, жазда біз де АҚШ-қа жаттығуға барамыз. Жахонгирден бөлек те, басқа елдердің боксшылары осал емес. Ешкімді бөліп жармаймын. Ең бастысы, өзім толықтай бабымда болуға барымды саламын.
Сіз аса ауыр салмақта қаншалықты бейімделіп үлгердіңіз? Өзіңіздің салмағыңызды таптыңыз ба? Ел ішіндегі сізге лайықты спарринг қарсыластар табыла ма?
Аса ауыр салмаққа ауысқаныма бір жылдан астам уақыт өтті. Әлі де бір-екі қателіктеріміз бар. Жарысқа шығатын салмағымызды анықтадық. Сол салмағымды ұстауға тырысамын. Ел ішінде де лайықты спарринг қарсыластар бар. Қазір Қазақстанда, шетелде де біріккен оқу-жаттығу жиындарында тәжірибе алмасып, өзімнің дайындығымды одан әрі жетілдіріп жатырмын. Мысалы, Азия чемпионатының алдында «Алматау» спорт базасында Германия боксшысымен спарринг өткіздік. Азия ойындарына дейін тағы бірнеше шетелдік боксшылармен дайындалу жоспарымызда бар.
Оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарда ағайынды Оралбайлар мен ағайынды Сабырхандар үнемі бірге жүреді. Махмұд пен Төрехан ұлттық құрамадағы ең жақын достарыңыз деп санауға бола ма?
Махмұдпен бірге 2018 жылдан бері бірге келе жатырмыз. Жастар арасында жаттықтық. Ересектер сапына бірге өттік. Төреханға туған ініміздей қарап, жастар құрамасында жүргенде ақыл-кеңестерімізді айтып жүретінбіз. Сол кездері Махмұд өз інісінің ересектер сапына қосылғанын күтіп жүретін еді. Міне сол күнге де жеттік. Ағайындылар ретінде де бір-бірімізге қолдауымызды аямаймыз. Алдағы уақытта төртеуіміз тарихи жеңістерді тіркейміз деген сенімдеміз. Өздеріңіз куә болғандай, 2025 жылы Ливерпульде ағайынды Сабырхандар әлем чемпионы атанып, ерекше жетістікті тіркеген болатын. Ұлттық құрамадағы басқа жігіттермен де қарым-қатынастарымыз жақсы. Ешкімді бөліп-жармаймыз.
Енді мамыр айында Өзбекстанда бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді деп естідік. Оған дейін толық қалпыңызға келіп үлгере аласыз ба?
Мамыр айына дейін құрамаға кішігірім демалыс берілді. Қазіргі сәтте отбасыммен біргемін. Одан кейін Өзбекстанға аттанамыз. Әлем кубогы да бар. Әлі босаңсуға ерте. Себебі, алда жазғы Азия ойындары бар.
21 April, 2026
32
Үш боксшымыз әлем кубогының келесі кезеңіне өтті
World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогының бірінші күнінде бес отандасымыз өнер көрсетті.
Дүбірлі додада 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Түркия өкілі Айсен Таскинмен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті.
Одан кейін 1/8 финалда Дәулет Төлемісов бразилиялық Фильо Исайаспен қолғап түйістірді. Отандасымыз бірінші нөмірде жұдырықтасып, басымдықты алуға тырысса да, қарсылас қарымта шабуылда жылдам әрі дәл соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 0:5.
Сондай-ақ Жансері Көшербаев (60 келі) ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберіп, 1/16 финалдан аса алған жоқ.
Кешкі сессияда Фарух Тоқтасынов (70 келі) әлем кубогын сенімді бастады. Ол ирландиялық Джон МакКоннелді 3:2 есебімен жеңді. Енді ол 22 сәуірде 1/8 финалда былтырғы әлем чемпионатының финалисі, жапониялық Севон Оказавамен жұдырықтасады.
Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов (80 келі) Жапония боксшысы Кай Ториабені еш қиындықсыз қапы қалдырды. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Отандасымыз 22 сәуірде 1/8 финалда аустралиялық Марлон Севехонмен шаршы алаңға шығады.
Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіледі.
21 April, 2026
16
Бразилиядағы Әлем Кубогындағы алғашқы қарсыластарымыз белгілі
Бокстан 20–26 сәуір аралығында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында рекордтық 50 мемлекеттің қатысуымен әлем кубогының бірінші кезеңі өтеді.
Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00-де және кешкі сессия 01:00-де басталады.
80 келі. 3 қатысушы 1/2 финал Жібек Жарасқызы – Емилиа Котерска (Польша, U23 Еуропа чемпионы)
+80 келі. 2 қатысушы Финал Валерия Аксенова – София Шира (Венгрия)
20 April, 2026
17
Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнирде кімдер жүлде алды?
Түркістанда бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Ересектер арасында 32-ші рет өткізілген жарысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Кувейт, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам қатысушы жүлдеге таласты.
50 келі 1-орын. Нұрғиса Тұрабеков (Түркістан обл) 2-орын. Ернар Қарап (Абай обл) 3-орын. Дулат Амангелді (Астана) 3-орын. Иброхимжон Рахмонжонов (Өзбекстан)
55 келі 1-орын. Кенже Мұратұлы (Алматы обл) 2-орын. Ядигар Алиев (Әзербайжан) 3-орын. Кожиакбар Ибрагимов (Өзбекстан) 3-орын. Асхат Сағындықов (Түркістан обл)
Бақыт Сәрсекбаев жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр
U19 командасы алдағы үлкен додаларға жан-жақты дайындық жүргізіп, күш пен техникасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.
Естеріңізге сала кетсек, биыл бұл жас дәрежесінде WORLD BOXING аясында Азия чемпионаты да, әлем чемпионаты да ұйымдастырылады. Құрлықтық сайыс 3-16 шілде Джакарта (Индонезия), ал дүниежүзілік дода 14-27 қазан Будваға (Монтенегро) жоспарланған.
Сонымен қатар, биыл жастар арасындағы Олимпиада Ойындары да өтпек. Кешенді жарыс 31 қазан мен 13 қараша аралығында Дакарда (Сенегал) ұйымдастырылады.
18 April, 2026
10
Атырауда Болат Теміровты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді
20-25 сәуір аралығында бокстан халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері және КСРО-ның бес дүркін чемпионы Болат Теміровты еске алуға арналған U23 санатындағы III халықаралық турнир ұйымдастырылады.
Жарысқа жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегерлері Бексұлтан Боранбек, Өнер Сейілхан және Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев және т.б еліміздің бірқатар боксшылары қатысады.
Жас спортшыларымыз үшін алдағы турнир жазда өтетін U23 Азия чемпионатына дайындық ретінде есептеледі.