МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

Қазақстан құрамасы әлем кубогында үздік үштікке енді

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен Әлем кубогының кезеңі аяқталды.

Финалдық кезеңнің кешкі сессиясында үш боксшымыз алтын жүлде үшін жұдырықтасты. 80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова Венгрия өкілі Жофия Сирамен кездесіп, 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. 

Сұлтанбек Айбарұлы 85 келіге дейінгі салмақта бразилиялық Кауе Белинимен қолғап түйістірді. Нәтижесінде отандасымыз 4:1 есебімен басым түсті.

Ал 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидоваға 5:0 есебімен жол берді. Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынында үш алтын, бір күміс және үш қола медаль бар.

Айта кетейік, бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) жеңімпаз атанса, Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін), Диас Молжігітов (80 келіге дейін) жарысты қола жүлдемен аяқтады. Осылайша ұлттық құрама жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты. Бірінші орынға Бразилия ие болса (4 алтын, 5 күміс), екінші орынға Қытай тұрақтады (4 алтын, 1 қола).

27 апреля, 2026
0

Әлем кубогының жартылай финалы қалай өтті?

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында 25 сәуір күні ел құрамасынан алты боксшы шаршы алаңға шықты.

Күндізгі сессия

80 келі. Жібек Жарасқызы - Эмилия Котерска (Польша) - 0:5

85 келі. Сұлтанбек Айбарұлы - Валериж Уолтер (Германия) - 5:0

60 келі. Виктория Графеева - Анета Элзивета Рыгельска (Польша) - 5:0

Кешкі сессия

65 келі. Аида Әбікеева - Ошин Дирию (Бельгия) - 4:1

51 келі. Алуа Балқыбекова - Ксиню Ки (Қытай) - 2:3

80 келі. Диас Молжігітов - Уондерлей Перейра (Бразилия) - отандасымыз жарақатына байланысты шықпады

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіліп жатыр.

26 апреля, 2026
10

Әлем кубогының ширек финалы қалай өтті?

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында 24 сәуір күні ел құрамасынан сегіз боксшы шаршы алаңға шықты.

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіліп жатыр.

24 сәуір 1/4 финал

Күндізгі сессия

60 келі. Виктория Графеева - Мари ал Ахмади (Канада) - 5:0

70 келі. Фарух Тоқтасынов - Наби Исгандаров (Әзербайжан) - 2:3

85 келі. Сұлтанбек Айбарұлы - Паоло Карусо (Италия) - 4:1

Кешкі сессия

65 келі. Аида Әбікеева - Доуа Закки (Марокко) - 5:0

80 келі. Диас Молжігітов - Оладимеджи Шитту (Англия) - 3:2

51 келі. Алуа Балқыбекова - Дайана Мурхауз (Ирландия) - 5:0

50 келі. Даниял Сәбит - Иссам Бенсаяр (Марокко) - 0:5

75 келі. Санжарәлі Бегалиев - Саиджамшид Джафаров (Әзербайжан) - 1:4

25 апреля, 2026
7

Әлем кубогының төртінші күні қалай өтті?

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында 23 сәуір күні  ел құрамасынан үш боксшы шаршы алаңға шықты.

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіліп жатыр.

Күндізгі сессия 

65 келі. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы - Хуго Грау (Франция) - 2:3

51 келі. Алуа Балқыбекова - Златислава Чуканова (Болгария) - 4:1

Кешкі сессия 

65 келі. Аида Әбікеева - Виктори Жилкова (Чехия) - 5:0

24 апреля, 2026
4

Әлем кубогының үшінші күні қалай өтті?

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында қазақстандық үш боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ел құрамасынан әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева (60 келі) 1/8 финалда Емили Рзаевамен (Әзербайжан) жолықты.

Бұл жекпе-жекте шеберлік жағынан қос боксшының деңгейі едәуір білінді. Отандасымыз алғашқы минуттан толықтай басымдыққа ие болып, нәтижесінде төреші 2-раундтың бел ортасында айқасты тоқтатты. Виктория қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Ал Даниал Сәбит (50 келі) 1/8 финалда Мажарстан өкілі Иштван Шзакамен кездесті.

Алғашқы раундта қарсылас жылдам әрі дәл соққыларымен көзге түсіп, төрешілердің шешімін өзіне аударған еді. Әйтсе де отандасымыз қалған уақытта қарқынын арттырып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.

Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов аустралиялық Марлон Севехонды 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті

Ал Әлем чемпионы Наталья Богданова (70 келіде) 1/8 финалда Олимпиада чемпионы, жоғары салмаққа ауысқан Бусеназ Сюрменелимен (Түркия) қолғап түйістірді.

Қос боксшы да дамылсыз соққыларымен алға ұмтылумен болды. Нәтижесінде спортшылар алма-кезек басымдыққа ие болды. Ал шешуші раундта Бусеназ Сюрменели қарсыласты күтіп алу, аяқпен шебер жұмыс істеу секілді компоненттерде басымдық танытып, 4:0 есебімен жеңімпаз деп танылды.

Одан бөлек, 70 келідегі Фарух Тоқтасынов әлем чемпионы, осы салмақтың басты фавориті саналған Севон Окадзаваны (Жапония) 3:2 есебімен жеңіп кетсе, 3 дүркін әлем чемпионы, 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай күтпеген жерден польшалық Виктория Рогалинскаға есе жіберді.

23 апреля, 2026
8

Әлем кубогының екінші күні қалай өтті?

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының бірінші кезеңінің екінші жарыс күнінде Қазақстаннан екі боксшы шаршы алаңға шықты.

55 келіге дейінгі салмақта Бағлан Кенжебек 1/16 финалда армениялық Жирайр Саргсянмен кездесіп, төрешілердің бөлінген шешімімен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Айта кетейік, үшінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға жіберген.

Ал 65 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы тунистік Хассен Атиамен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Еске салайық, бұл турнирде Қазақстан құрамасы бастапқыда 16 боксшымен (9 ер, 7 әйел) қатысуда.

22 апреля, 2026
19

Айбек Оралбай: босаңсуға әлі ерте

Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, жуырда Моңғолияда өткен Азия чемпионатында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алған Айбек Оралбай өз өнеріне баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сіздер үнемі ірі жарыстарға бірге барып жүрсеңіздер де, Моңғолияда ғана екеуіңіз чемпион атана алдыңыздар. Осы сәтті қалай қабылдадыңыздар? Жасөспірім кездеріңізде де бірге чемпион болған сәттеріңіз көп болып па еді?

  • Иә, Азия чемпионатында бір үйден чемпион атанып жатқан жайымыз бар. Бұған дейін 10-15 турнирде бірге топ жарған едік. Алайда ересектер арасындағы ірі жарыстар бірінші рет осындай жағдай тіркеліп отыр. Қуаныштымыз. Бұйырса, күзде өтетін жазғы Азия ойындары, 2027 жылы Астана төрінде, 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында да осы жетістіктерімізді жалғастырсақ деген сенімдеміз.

Әуел бастан сіз аса ауыр салмақта Азия чемпионатының басты фавориты саналдыңыз. Жарысқа фаворит ретінде бару сізді босаңсытпай ма? Азия чемпионатындағы жекпе-жектерге көңіліңіз қаншалықты толады?

  • Әлем чемпионы және 2 дүркін Азия чемпионы ретінде барған соң, міндетті түрде фаворит ретінде саналдым. Бұның артықшылығы – өз-өзіңе деген сенімділігің болады. Бірақ еш босаңсуға болмайды. Өйткені қарсыластар атағы бар боксшылармен барын салып жұдырықтасып, сенсация жасауға тырысады. Басқа салмақтарда да айқын фавориттердің жеңілгенін көрдік. Оның үстіне аса ауыр салмақта күтпеген бір соққы жекпе-жектің тағдырын шешіп кету ықтималдығы жоғары.

Бас бапкер Нұржан Насанов өз сұхбатында Нұрбек пен Айбек толықтай бабында болмады деді. Сіз де өзіңізді сары құрлық додасына 100% бабында болмадым деп ойлайсыз ба?

  • Иә, біз бас бапкер Нұржан Насановқа физикалық дайындығымыздың толықтай 100% болмағанын алдын ала ескерттік. Шамамен 60-70 пайыз шамасында өз әлеуетімізді көрсеттік деп ойлаймыз. Бұйырса, қыркүйек айындағы жазғы Азия ойындарына сақадай cай боламыз. Өздеріңіз білетіндей, спортшы бір жылда 1-2 мәрте ғана дайындығының шыңына жетеді. 

2025 жылы әлем чемпионаты және 2026 жылы Азия чемпионатында да сіздің жекпе-жегіңіз жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын анықтады. Бірақ сізге бұл фактор қатты әсер етпеген секілді?

  • Әлем чемпионатында Өзбекстанмен боксшысымен өткен айқас жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын шешті. Геннадий Головкин де өзінің ағалық кеңесін айтып, қолдауын танытқан еді. Нәтижесінде соңғы секундқа дейін жеңіс үшін аянып қалмай, еліміздің абыройын асқақтаттым. Сондай-ақ мен ерлер құрамасының капитаны ретінде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының шешуші жекпе-жектерінде жеңісім өзге жігіттерге психологиялық басымдық береді деп ойлаймын.

Бас бапкер Нұржан Насанов үшін өткен Азия чемпионаты үлкен сынақ болғаны түсінікті. Тіпті ол кісі түнімен қарсыластардың жекпе-жектерін көріп, зерттедім деді. Сіздерге ол кісінің ақыл-кеңестері қаншалықты көмегін тигізді?

  • Нұржан ағамыз Азия чемпионатына бірінші рет келіп жатқан жоқ. Бірақ бас бапкер ретінде жауапкершілігі үлкен екенін білеміз. Күнделікті ағайымызбен қарсыластарымызды талқылап, зерттедік. Боксшы ретінде біз оған, бапкер ретінде ол кісі әр жекпе-жектегі жайттарды айтып отырды. Бірге атқарылған жұмыс өз жемісін берді. Нұржан ағамызға алғысымыз шексіз.

Азия чемпионаты, әлем кубоктары алдағы Азия ойындарына дайындық ретінде саналатындығы түсінікті. Осы орайда сіздің басты қарсыластарыңыздың бірі - Жахонгир Зокировтың АҚШ-та дайындалып жүргенін көрдік. Сіздер 3 мәрте кездесіп үлгердіңіздер ғой. Оның қарқыны артып жатқаны сезіле ме? Жапонияда одан да басқа қауіпті қарсыластар бар ма?

  • 2026 жылдағы басты мақсатымыз – жазғы Азия ойындары. Бұйырса, жазда біз де АҚШ-қа жаттығуға барамыз. Жахонгирден бөлек те, басқа елдердің боксшылары осал емес. Ешкімді бөліп жармаймын. Ең бастысы, өзім толықтай бабымда болуға барымды саламын.

Сіз аса ауыр салмақта қаншалықты бейімделіп үлгердіңіз? Өзіңіздің салмағыңызды таптыңыз ба? Ел ішіндегі сізге лайықты спарринг қарсыластар табыла ма?

  • Аса ауыр салмаққа ауысқаныма бір жылдан астам уақыт өтті. Әлі де бір-екі қателіктеріміз бар. Жарысқа шығатын салмағымызды анықтадық. Сол салмағымды ұстауға тырысамын. Ел ішінде де лайықты спарринг қарсыластар бар. Қазір Қазақстанда, шетелде де біріккен оқу-жаттығу жиындарында тәжірибе алмасып, өзімнің дайындығымды одан әрі жетілдіріп жатырмын. Мысалы, Азия чемпионатының алдында «Алматау» спорт базасында Германия боксшысымен спарринг өткіздік. Азия ойындарына дейін тағы бірнеше шетелдік боксшылармен дайындалу жоспарымызда бар.

Оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарда ағайынды Оралбайлар мен ағайынды Сабырхандар үнемі бірге жүреді. Махмұд пен Төрехан ұлттық құрамадағы ең жақын достарыңыз деп санауға бола ма?

  • Махмұдпен бірге 2018 жылдан бері бірге келе жатырмыз. Жастар арасында жаттықтық. Ересектер сапына бірге өттік. Төреханға туған ініміздей қарап, жастар құрамасында жүргенде ақыл-кеңестерімізді айтып жүретінбіз. Сол кездері Махмұд өз інісінің ересектер сапына қосылғанын күтіп жүретін еді. Міне сол күнге де жеттік. Ағайындылар ретінде де бір-бірімізге қолдауымызды аямаймыз. Алдағы уақытта төртеуіміз тарихи жеңістерді тіркейміз деген сенімдеміз. Өздеріңіз куә болғандай, 2025 жылы Ливерпульде ағайынды Сабырхандар әлем чемпионы атанып, ерекше жетістікті тіркеген болатын. Ұлттық құрамадағы басқа жігіттермен де қарым-қатынастарымыз жақсы. Ешкімді бөліп-жармаймыз.

Енді мамыр айында Өзбекстанда бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді деп естідік. Оған дейін толық қалпыңызға келіп үлгере аласыз ба?

  • Мамыр айына дейін құрамаға кішігірім демалыс берілді. Қазіргі сәтте отбасыммен біргемін. Одан кейін Өзбекстанға аттанамыз. Әлем кубогы да бар. Әлі босаңсуға ерте. Себебі, алда жазғы Азия ойындары бар.

21 апреля, 2026
32

Үш боксшымыз әлем кубогының келесі кезеңіне өтті

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогының бірінші күнінде бес отандасымыз өнер көрсетті.

Дүбірлі додада 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Түркия өкілі Айсен Таскинмен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті.

Одан кейін 1/8 финалда Дәулет Төлемісов бразилиялық Фильо Исайаспен қолғап түйістірді. Отандасымыз бірінші нөмірде жұдырықтасып, басымдықты алуға тырысса да, қарсылас қарымта шабуылда жылдам әрі дәл соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 0:5.

Сондай-ақ Жансері Көшербаев (60 келі) ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберіп, 1/16 финалдан аса алған жоқ.

Кешкі сессияда Фарух Тоқтасынов (70 келі) әлем кубогын сенімді бастады. Ол ирландиялық Джон МакКоннелді 3:2 есебімен жеңді. Енді ол 22 сәуірде 1/8 финалда былтырғы әлем чемпионатының финалисі, жапониялық Севон Оказавамен жұдырықтасады.

Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов (80 келі) Жапония боксшысы Кай Ториабені еш қиындықсыз қапы қалдырды. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Отандасымыз 22 сәуірде 1/8 финалда аустралиялық Марлон Севехонмен шаршы алаңға шығады.

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіледі.

 

21 апреля, 2026
15

Бразилиядағы Әлем Кубогындағы алғашқы қарсыластарымыз белгілі

Бокстан 20–26 сәуір аралығында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында рекордтық 50 мемлекеттің қатысуымен әлем кубогының бірінші кезеңі өтеді.

Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00-де және кешкі сессия 01:00-де басталады.

Ерлер
50 келі. 13 қатысушы
1/8 финал
Даниал Сабит – Иштван Шзака (Венгрия)

55 келі. 27 боксшы
1/16 финал
Бағлан Кенжебек – Жирайр Саргсиян (Армения)

60 келі. 27 боксшы
1/16 финал
Жансері Көшербаев – Джуд Галлахер (Ирландия)

65 келі. 30 боксшы
1/16 финал
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы – Хассен Атиа (Тунис)

70 келі. 29 боксшы
1/16 финал
Фарух Тоқтасынов – Джон МакКоннел (Ирландия)

1/8 финалда әлем чемпионы Севон Оказавамен жолығуы мүмкін.

75 келі. 9 боксшы
1/4 финал
Санжарали Бегалиев – Саиджамшид Джафаров (Әзербайжан, әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері)

80 келі. 23 боксшы
1/16 финал
Диас Молжігітов – Кай Ториабе (Жапония)

85 келі. 7 боксшы
1/4 финал
Сұлтан Айбарұлы – Паоло Карусо (Италия)

90 келі. 16 боксшы
1/8 финал
Дәулет Төлемісов – Фильо Исайас (Бразилия, Ливерпульдегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері)

Әйелдер
51 келі. 23 қатысушы
Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Михаела Бадеску – Златислава Чуканова (Болгария) жұбының жеңімпазымен жолығады.

54 келі. 20 қатысушы
1/16 финал
Назым Қызайбай – Айсен Таскин (Түркия)

60 келі. 18 қатысушы
1/8 финал
Виктория Графеева – Емили Рзаева (Әзербайжан)

65 келі. 22 қатысушы
Аида Әбікеева 1/8 финалда Виктория Жилкова (Чехия) – Мезморизе Андерсон жұбының жеңімпазымен жолығады.

70 келі. 17 қатысушы
Наталья Богданова 1/8 финалда Бусеназ Сюрменели (Түркия, Токио Олимпиадасының чемпионы) – Чиара Сарайелло (Италия) жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады.

80 келі. 3 қатысушы
1/2 финал
Жібек Жарасқызы – Емилиа Котерска (Польша, U23 Еуропа чемпионы)

+80 келі. 2 қатысушы
Финал
Валерия Аксенова – София Шира (Венгрия)

20 апреля, 2026
17

Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнирде кімдер жүлде алды?

Түркістанда бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Ересектер арасында  32-ші рет өткізілген жарысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Кувейт, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам қатысушы жүлдеге таласты.

50 келі
1-орын. Нұрғиса Тұрабеков (Түркістан обл)
2-орын. Ернар Қарап (Абай обл)
3-орын. Дулат Амангелді (Астана)
3-орын. Иброхимжон Рахмонжонов (Өзбекстан)

55 келі
1-орын. Кенже Мұратұлы (Алматы обл)
2-орын. Ядигар Алиев (Әзербайжан)
3-орын. Кожиакбар Ибрагимов (Өзбекстан)
3-орын. Асхат Сағындықов (Түркістан обл)

60 келі
1-орын. Хусравхон Рахимов (Тәжікстан)
2-орын. Асиддин Рузимуродов (Өзбекстан)
3-орын. Огабек Умаркулов (Өзбекстан)
3-орын. Асылжан Серікбай (Шымкент)

65 келі
1-орын. Абзал Серік (Шымкент)
2-орын. Ерәділ Ұзақбай (Түркістан обл)
3-орын. Нұрлыбек Османов (Шымкент)
3-орын. Жанарыс Орынбай (Шымкент)

70 келі
1-орын. Нұрқадам Әбдреш (Астана)
2-орын. Мейрбек Кыргызов (Қырғызстан)
3-орын. Абдулазиз Бохаймед (Кувейт)
3-орын. Мейірлан Әбіләшім (Түркістан обл)

75 келі
1-орын. Аман Қонысбеков (Түркістан обл)
2-орын. Абубакр Гафуров (Тәжікстан)
3-орын. Аднан Алхазвини (Кувейт)
3-орын. Сирожиддин Кожахметов (Өзбекстан)

80 келі
1-орын. Нұрқанат Раис (Маңғыстау обл)
2-орын. Шохжохон Алишеров (Өзбекстан)
3-орын. Бақберген Әлиасқаров (Астана)
3-орын. Елсұлтан Тұрғынбек (Түркістан обл)

85 келі
1-орын. Ислам Бетаев (Астана)
2-орын. Самат Айтбай (Түркістан обл)
3-орын. Бекзат Таңатар (Шымкент)
3-орын. Бахромбек Хатамов (Тәжікстан)

90 келі
1-орын. Бекболат Әбдікерім (Түркістан обл)
2-орын. Жанатбек Ақжанов (Түркістан обл)
3-орын. Нұржан Мәуен (Ақтөбе обл)
3-орын. Жасұлан Омар (Шымкент)

+90 келі
1-орын. Мадияр Саидрахимов (Өзбекстан)
2-орын. Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл)
3-орын. Дәурен Сүйіндіков (Ақтөбе обл)
3-орын. Абдулазиз Абдумажидов (Өзбекстан)

19 апреля, 2026
9

Бақыт Сәрсекбаев жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

U19 командасы алдағы үлкен додаларға жан-жақты дайындық жүргізіп, күш пен техникасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.

Естеріңізге сала кетсек, биыл бұл жас дәрежесінде WORLD BOXING аясында Азия чемпионаты да, әлем чемпионаты да ұйымдастырылады. Құрлықтық сайыс 3-16 шілде Джакарта (Индонезия), ал дүниежүзілік дода 14-27 қазан Будваға (Монтенегро) жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл жастар арасындағы Олимпиада Ойындары да өтпек. Кешенді жарыс 31 қазан мен 13 қараша аралығында Дакарда (Сенегал) ұйымдастырылады.

18 апреля, 2026
10