Азия чемпионының жаңа салмақтағы жеңілісі: Сағадат Нұрмағамбетовтың турнирінің екінші күні қалай өтті?

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр.
Жарыстың екінші күнінде басты сенсация ретінде U22 Азия чемпионы, 60 келіге көтерілген Нұрсұлтан Алтынбектің жеңілісі болды. Ол Абай облысының өкілі Ерасыл Амангелдиевпен жұдырық түйістіріп, 1:2 есебімен есе жіберді.
Қалған жекпе-жектерде өз салмағында фаворит саналған отандастарымыз оңай жеңіске жетті. Атап айтсақ, 60 келідегі Дәулет Молдашев Қарағанды облысының жас әрі талантты спортшысы Нығмет Нығманды 2:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ Талғат Сырымбетов (60 келі), Абзал Серік (65 келі), Елнұр Сүйінбай (70 келі), Санатәлі Төлтаев (70 келі), Нұрқанат Райыс (80 келі) cынды көпшілік танитын жерлестеріміздің де мерейі үстем болды.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 29 мамырда белгілі болады.













