Шаршы алаңдағы ағайынды чемпиондар

Қазақ боксының тарихында бір отбасыдан шығып, әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Кейбір ағайындылар мен апалы-сіңлілер шаршы алаңда қатар өнер көрсетіп қана қоймай, халықаралық жарыстарда биік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олар жеңістері арқылы Қазақстан боксының абыройын асқақтатып жүр.
Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан Маятас ауылынан шыққан ағайынды боксшылар. Махмұд - екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы және Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі. Ал, Төрехан жастар сапынан ауыса сала ересектер арасында әлем чемпионы атанды. Екеуі де кәсіби бокста дебют жасап, алғашқы жекпе-жектерін нокаутпен жеңген. Төрехан көптеген сұхбатында жетістіктеріне ағасы Махмұдтың әсері зор екенін айтып жүреді.
Қазақ боксы тарихында ағайынды спортшылар аз болмағанымен, Айбек пен Нұрбек Оралбайдың орны ерекше. Айбек Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2025 жылғы әлем чемпионы атанды. Нұрбек Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем және Азия чемпионы. Егіздердің өміріндегі ең қызық деректердің бірі - бала күндерінде жарыстарда бір-бірінің орнына шығып кеткен кездері болған. Мұны өздері сұхбаттарында әзілдеп жеткізді.
Әйелдер боксында шаршы алаңға шығып жүрген апалы-сіңлілер бар. Қазақстан әйелдер боксына жол ашқан - Боранбаевалар. Назгүл Боранбаева - әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Бауырлары Әлия мен Наргүл бокстан халықаралық жарыстарда топ жарған. Қыздарың алғашқы бапкері де өз әкелері.
Күні кеше Бразилияда өткен Әлем кубогінің чемпионы, “сары қыз” танылып кеткен Виктория Графееваның сіңлісі, Евгения Графеева әпкесінің ізін жалғап, шаршы алада өз өнерін көрсетіп жүр.
Орал қаласынан шыққан Назым және Ақнар Ищановалар әйелдер боксында топ жарып жүрген апалы-сіңлілер. Назым Ищанова жастар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Ал, Ақнар - Азия чемпионы. Сондай-ақ жас дарынды бокшылар арасында Аяулым және Камила Оспановалар. Олардың жаттықтырушысы өз әкелері Жеңіс Оспанов. Аяулым үш дүркін Азия чемпионы, Камила - Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, сонымен қатар бір біріне деген ерекше қолдауымен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген Оспановалар жасөсіпірімдер санатында Азия чемпионаты және Азия Ойындарында да топ жарып үлгерді. Олардың жеке жаттықтырушысы - өз әкелері Жеңіс Оспанов.
Қазақстан ұлттық құрамасының аса ауыр салмақтағы боксшылары ағайынды Нұрлан және Даниял Сапарбай. Нұрлан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, інісі Даниял Әлем кубогінің қола жүлдегері.
Ағайынды Төлтаевтар ұлттық құрама сапында жетістіктергн жеткен егіз боксшылар. Саматәлі Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Санатәлі Азия чемпионы.
Әлемдік бокс тарихындағы мықты ағайынды спортшылар Виталий және Владимир Кличколар. Кличколар ауыр салмақтағы белбеулерді бір уақытта жинаған тарихтағы жалғыз ағайындылар. Олар бұл жетістігі үшін Гиннес рекордтар кітабына еңген. Әлемдік бокста Геннадий Головкиннің есімі ерекше құрметпен айтылады. Алайда оның жетістігің артында жанынан табылатын егізі Максим Головкин бар. Максим Головкин Қазақстанның еңбек сіңірген бокс жаттықтырушысы. Геннадий Головкин де Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол орта салмақтағы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нокаут көрсеткішінің иесі атанып, бұл жетістігімен әлемдік бокс тарихында өз ізін қалдырды.
Дайындаған: Сымбат Бердіханқызы












