Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Бокстан еліміздің қыздар құрамасы Сербиядан жеңіспен оралды

21 Қаңтар, 2019

 Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында командалық бірінші орынды иеленді

16 мен 20 қаңтар аралығында Сербияның Сомбор қаласында боксшы арулар арасында «Ұлттар Кубогы» халықаралық турнирі өтті. 20 мемлекеттен келген 170 боксшы бақ сынасқан додада отандастарымыз 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медальға қол жеткізді.

48 келі салмақта өнер көрсеткен аруымыз Алуа Балқыбекова финалда ресейлік қарсыласын 4:1 есебімен ұтты.

51 келіде финалға екі жерлесіміз шықты. Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас арасындағы жекпе-жекте жеңіс төрешілер шешімімен соңғысына бұйырды.

Дина Жоламан ақтық сында (54 кг) мажарстандық Сабина Шуцстан басым түсті.

Турнирдің үздік боксшысы атанған Римма Волосенко (60 кг) Хорватия өкілі Сара Берамнан айласын асырды.

Ал қыздар арасында ең ауыр салмақ болып саналатын 81 жоғары дәрежеде Ләззат Күнгейбаева ресейлік Александра Дмитриеваны тізе бүктірді.

Қола жүлде Әлия Әбдірайымова, Ақерке Бақытжан, Баян Ақбаева, Аида Оңдаш пен Мөлдір Базарбаеваға бұйырды.

Жасөспірімдер арасында Жібек Жарасқызы (66 кг), Айжарық Шеріхан (70 кг) мен Ксения Древал (+80 кг) чемпион атанды.

Сымбат Әлиасқар (46 кг), Гүлнар Тұрапбай (52 кг), Валерия Семенова (70 кг) мен Назерке Серік (57 кг) күміс жүлде ұтып алды. 

Талшын Тосбай (60 кг), Кәмилә Ахмет (52 кг) пен Айдын Теміржан (57 кг) қола медаль иеленді.

Ал жастар арасында Мария Гладкова (57 кг), Әнел Сақыш (51 кг) пен Әнел Құдайберген (48 кг) чемпион болды.

Еркежан Дәулетжанқызы (57 кг), Мөлдір Тоикова (54 кг) мен Ұлжанай Мамытова (64 кг) күмісті қанағат тұтcа, Гүлсая Ержан (81 кг) қола медаль алды. 

Фото: Сергей ШТРАК

Наверх