Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Дина Жоламан: «Менің пірім – Майк Тайсон»

26 Қаңтар, 2018

Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы атанған боксшы қыз Дина Жоламан prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

- Елге халықаралық бәсекеден алтын медальмен оралдыңыз. Өте қуаныштымыз. Жалпы бокспен неше жасыңыздан бастап айналысып келесіз?

- 13 жаста бастадым. Ең алғаш рет Ақмола облысы, Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасының» қолдауымен Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде қыздар боксынан үйірме ашылған болатын. Сол кезде өзіммен бірге оқитын қыздармен еріп барған едім, басында жай қызығушылығым ғана болған. Уақыт өте келе бұл спорт түрі мені баурай түсті. Үйдегілер менің бұл таңдауыма қарсылық білдірген жоқ. Керісінше, қолдау көрсетті.

- Рингке алғаш рет шыққанда жасыңыз нешеде болды?

- 14 жаста едім. Шаршы алаңға шығып жеңіліп қалғаным есімде. Бірақ бапкерімнің қолдауымен спорттан қол үзбей, еңсені тіктеп алдым. Жеңіске деген құлшынысым арта түсті. Бүгінде соның нәтижесін көріп отырмын.

- Бокс әлемінде кімді пір тұтасыз?

- Менің пірім - Майк Тайсон. Кішкентай кезімде көгілдір экран алдында отырып Тайсонның жекпе-жектерін көріп, тамсанатынмын. Әсіресе оның жойқын соққылары ұнайтын.

- Ұл балалармен жұдырықтасқан кездеріңіз болды ма?


- Енді... бастауыш сыныпта ғана бір кездері болған. Алайда өсе келе ондай қылықтардан арылдым. Қазір мен өте сабырлы, салмақты адаммын.

- Алғашқы спаринг-серктесіңіз кім?

- Шыны керек есімде жоқ. Шаршы алаңға шыққалы бері міне 12 жылға таяп қалды. Сол уақыт аралығында қаншама адаммен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Біреуі келеді, екншісі кетеді. Өмірдің ағысығой.

- Осы күнге дейінгі спорттық мансабыңыздағы ең мықты қарсыласыңыз?

- Бұл туралы ойламаппын негізі. Егер шынын айтсам... білмеймін. Шаршы алаңдағы әрбір қарсыласым оңайға соққан жоқ. Бойшаң немесе қолы ұзын болып келсе бет тұсына соққыны дарыту қиын болды. Ал кейбіреулері шымыр қимылдайды. Бірақ менің ең басты қарсыласым ол – менмін.

- Шаршы алаңда жұдырықтасып жатқан сәтте төрешіге іштей шағымданған кездеріңіз болды ма?

- Жоқ. Төрешінің шешімін ешкім өзгерте алмайды. Қолыңды көтерсе-жеңдің, көтермесе-жеңілдің. Егер жеңіліп қалсаң оны мойындауың керек.

- Спорттық мансабыңыздағы ең қуанышты сәтіңізбен бөліссеңіз...

- Ол әрине 2016 жылы Астана қаласында өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған сәтім. Осы мақсатқа жету үшін мен 10 жыл тер төктім. Финалдық бәсекенің соңғы гонгы естілгеннен кейін төрешілердің шешімін күткенше, ішімнен дұға оқи бастадым. Төрешілердің шешімі шығып, бас төреші менің қолымды көтергенде, шаршы алаңда тізерлей бір отырып бір секіріп, қуаныштан көзімнің жасы қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. Сол сәтте құдайға рақметімді айтып, бапкеріме қарай жүгіре жөнелдім. Бапкерім мені көтеріп: «Жарайсың, Дина» деп айтақаны есімде жақсы сақталыпты. Басқа сөздерін анық ести алмадым.

- Олимпиадаға 51, 60 немесе 75 келідегі спортшылар қатысуға құқылы. Сіздің салмағыңыз 54 келі. Салмақ қуып, оның артынан Олимпиадаға қатысам деген ой болды ма сізде?

- Болды. Олимпиадаға қатысу ол бір арман. Алайда мен әзірге қатыса алмаймын. Десек те, бір уақытта салмақ қуып, таразы басына келгенде 51 келіге салмағымды түсірдім. Бірақ, бір айта кетерлігі осы салмаққа келгенде мен көп күш қуатымды жоғалтып алдым. Сондықтан, 51-ді қойып өзімнің әдеттегі салмағыма қайта оралдым.

- Ұзын құлаққа сенсек, жақын арада 55 келіде өнер көрсететін қыздар қауымы Олимпиадаға қатысуы ықтимал. Бұл ақпарат қаншалықты шынайы деп ойлайсыз?

- Әзірге белгісіз. Бұл сұрақ әлі талқылануда. Егер бекітіп жатса мен міндетті түрде Олимпиадаға барамын.

- Сіз қазір бокстан әуесқойлар арасындағы додаларға қатысып жүрсіз. Алдағы уақытта кәсіби боксқа ауысуға ниетіңіз бар ма?

- Шынын айтқанда, бұл туралы ойламаппын. Өмір алма кезек. Жақын уақытта тұрмысқа шығып жатсам бокстан алыстап қалуым да мүмкін.

- Осыдан 5 күн бұрын өткен Сербиядағы финалдық бәсекеде сіз Аида Тұяқбаймен жұдырықтасқан болатынсыз. Шаршы алаңда өз жерлесіңізбен шешуші сайысқа түсу қиын ба?

- Аиданы мен жақсы білемін. Бірнеше рет жарыс жолына шығып қарсыластардың жолын кескенбіз. Ал финалдық бәсеке келетін болсақ, мұнда таңғаларлық ештеңе болған жоқ. Кездесудің аты кездесу.

- Сұқбат бергеніңіз үшін рақмет.

prosports.kz

фото - Данияр Майлыбаев

 
Наверх