Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Қайрат Сәтжанов: «Жас боксшыларымыз жарады»

22 Тамыз, 2018

 Халықаралық турнирде қазақстандық команда барлығы 7 алтын, 1 күміс, және 5 қола медаль жеңіп алып, бейресми командалық есепте бірінші орын иеленді.

 «Біз мұндай жарыстарға қатысу арқылы қай елде бокстың қалай дамып жатқанын көріп отырамыз. Мысалы, Үндістан жас балаларды жаттықтыруға көңіл бөлуде. Демек, болашақта мықты боксшылар шығады деген сөз». Еліміздің бокстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов Сербиядағы сайыстан кейінгі ойымен бөлісті.

«Ұлттар кубогы» атты бокстан өтетін Сербиядағы жарысқа Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы қатысты. 60 келі салмақта өнер көрсеткен Сұлтан Бабаханов турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Отандасымыз финалда Америка Құрама Штаттарынан келген Брион Каротерсті тізе бүктірді. Нұржан Амангелді (63 кг) жартылай финалда АҚШ спортшысы Касин Голдстоунға қарсы ұтымды өнер көрсеткені үшін ең үздік жекпе-жек өткізген боксшы ретінде танылды.

«Жастарымыз шаршы алаңда өздерін өте сауатты ұстап, барлығы намысқа тырысты. Спортшылардың өнеріне жоғары баға беремін», - дейді Қайрат Сәтжанов.

15 – 20 тамыз аралығында өткен Сербияның Врбас қаласындағы халықаралық жарыста 24 команда бақтарын сынады. Байрақты бәсеке Драго Йовович атындағы спорт кешенінде жалауын көтерді.

Турнирге 2002-2003 жылдары дүниеге келген балалар қатысты. Көбі еуропа елдерінің өкілдері. Сонымен қатар, жарыста АҚШ пен Маврикияның, Азия құрлығынан Қазақстан, Өзбекстан және Индияның спортшылары болды. 

Наверх