Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Ғалым Жарылғапов турнирінде Ғалымбек Кенжебаевты ресми таныстыру рәсімі өтті

20 Желтоксан, 2018

 Қарағандыда қазақ боксының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ғалым Жарылғапов атындағы мерейтойлық ХХХV халықаралық турнир өтіп жатыр

Қазақ спортының қайраткері, Қазақ КСР Еңбек сіңірген бапкер Ғалым Жарылғапов турнирі 1984 жылдан бері жалауын желбіретіп келе жатқан халықаралық дода.

17 желтоқсан күні басталған биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген боксшылармен бірге, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Маңғолия, Қырғызстан Республикасы, Өзбекстан Республикасынан келген спортшылар бақ сынасуда. Ақтық бәсекелер 21 желтоқсан күні болады.

Турнир аясында ҚБФ бапкерлер кеңесімен жұмыс жөнінде вице-президенті Юрий Цхай, ҚР ұлттық құрама командасының жаңа бапкері Ғалымбек Кенжебаев, ҚР ҰҚК үйлестірушісі, бокстан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов бапкерлер мәжілісін өткізді.

Кездесу барысында сөз алған Юрий Цхай 2009 жылдан бері бокстан ұлттық құраманы жаттықтырып келген Мырзағали Айтжановқа алғыс айтты. Сонымен қатар, жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың боксшыларымызды Токио Олимпиадасына жоғары дәрежеде дайындай алатынына сенім білдірді. Десек те, ХОК АИБА ұйымына сенімсіздік білдіруі салдарынан бокстың 2020 жылғы ойындарда болу-болмауы әлі анық шешілмеген мәселе.

Ал Ғалымбек Кенжебаев Грекия елінде болған халықаралық жарысқа жастар құрамасымен бірге соңғы сапарынан оралды. Ендігі кезекті жастардан ересектерге ауысқан бас бапкер барша бапкерлер қауымының қолдауына мұқтаж екендігін жеткізді. Айта кетейік, жастарымыз Грекиядан 5 алтын, бір күміс медаль иеленді.

 - Әрине, маған жастар құрамасын тастап кеткен оңай емес. Мен олармен көп жыл бірге жұмыс істеп келемін. Жастардың қарқыны өте мықты. Ал ересектерге келетін болсақ, әр боксшының артықшылықтарын одан әрі дамыта түссем деймін. Әрқайсымен жеке жұмыс жүргізіледі. Мырзағали Айтжановтың қандай мықты маман екенін білесіздер. Сондықтан алдағы уақытта та біз бірге жұмыс істейміз.

Жаңа бапкер алғашқы оқу-жаттығу жиынын келер жылдың қаңтар айында өткізеді.

Фото: Қайыржан Галиев

Наверх