Қазақстандық
бокс федерациясыwww.kfb.kz

Жаңалықтар

Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құраммен барады

02 Сәуір, 2016

Бүгін Қытайдың Цяньан қаласында бокстан Азия және мұхит аралдары елдерінің арасында өткен Олимпиялық іріктеу турнир аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Турнирде Қазақстан спортшылары 7 лицензияны жеңіп алды. Ерлер арасында Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), аса ауыр салмақта Иван Дычко,  әйелдер арасында Дариға Шәкімова (75 кг) Олимпиадаға лицензияны иеленді.

 

Сөйтіп, Қазақстанның бокстан ерлер құрама командасы екінші рет Олимпия ойындарына толық құраммен баратын болды. Бұған дейін отандастарымыз 4 лицензия алған еді. Құрама капитаны Данияр Елеусінов (69 кг) Дохада өткен әлем чемпионатында, Василий Левит (90 кг) — WSB жобасында, Біржан Жақыпов (49 кг) пен Берік Әбдірахмановр (60 кг) AIBA Pro-Boxing жобасында лицензияға ие болды.

 

Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасовтың айтуынша, қазақ боксшылары Қытайда өткен турнирде 7 лицензияны жеңіп алып, әлемдегі бокс мектебі қалыптасқан ел екенін дәлелдеді. Біздің боксшылар алдарына қойған мақсатын орындады. Осы кезге дейін Қазақстан командасы 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға 8 бокшыны апарса, 2000 жылы Сиднейде 7 спортшыны қатыстырған еді.  2004 жылы Афинада 8 боксшымыз, 2008 жылы Бейжіңде 10, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада 9 боксшымыз қатысты.

 

«Енді 52 және 60 кило дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшы қыздарымыздың 19-27 мамырда Астанада өтетін әлем чемпионатында лицензия алуға мүмкіндігі бар. Онда 4 салмақ дәрежесінде лицензия үшін күрес болады», деді ол.

 

doda.egemen.kz

Наверх